ЖАСТАР КЕҢЕСІ БАЙҚАУ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Кербұлақ аудандық филиалы жанынан құрылған Жастар кеңесі «Мұқағали – Мәңгілік мұра» атты әдеби байқауын ұйымдастырды.
Шараның ашылу салтанатында Кербұлақ аудандық филиалдың төрағасы Жақан Дуанаев байқау қатысушыларына сәттілік тілеп, жастар Кеңесінің жұмыс барысындағы белсенділіктерін атап өтті.
Кербұлақ ауданына қарасты білім мекемелерінен 15 команда қатысып, «Туған жер – тұғырлы тұлға» кезеңінде қатысушалыр ауылдан немесе ауылдық округтен шыққан тұлғаны таныстырып, оның өмір жолы мен атқарған қызметіне мән берді. «Поэзия – жүрек үні» кезеңінде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқыса, «Арнау – ақынға тағзым» кезеңінде ақиық ақынға жас ақындар арнауларын оқыды.
«Қарасөздегі Мұқағали» кезеңінде прозалық шығармаларынан, әдеби ой-толғамдарынан алынған үзінділер оқылып, өздерінің өнерлерін көрсетті.
Байқау Ережесіне қарай алдын ала тағайындалған қазылар алқасы жас педагогтардың өнерін бағалап, жеңімпаздарды анықтады.
Нәтижесінде І орынды Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебі, ІІ орынды Д.Қонаев атындағы орта мектебі, ІІІ орынды Қарашоқы орта мектебі иеленді.
Бағы мен бабы қатар шауып, үздік деп танылған командаларға Кербұлақ аудандық филиалының тарапынан Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымы