КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ
Кәсіподақ органдары қызметінің ашықтығы мен айқындылығын арттыруға, кәсіподақ байланысын дамытуға, кәсіподақ мүшелерімен диалогты кеңейтуге бағытталған Кәсіподақтар федерациясының 2025-2030 жылдарға арналған қызметінің «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновация» Стратегиясын іске асыру мақсатында «Кәсіподақ диалогі» өңірлік жобасына байланысты 2026 жылғы 19 ақпанда «Қазақстандық салалық білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ құқықтық мәселелер жөніндегі маманы Г.О.Жаркенова Май ауданы Көктөбе орта мектебінде қызметкерлермен кездесу өткізді.
Диалог Көктөбе жалпы орта білім беру мектебінің алаңында ұйымдастырылып, онда Павлодар облысының білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы қызметінің өзекті мәселелері қарастырылды.
Кездесу барысында Гүлшат Ораловқызы облыстық кәсіподақ ұйымының негізгі жұмыс бағыттары, кәсіподақ мүшелігінің беретін мүмкіндіктері, құқықтық қолдау тетіктері мен қызметкерлердің мүдделерін ұжымдық қорғау жолдары туралы жан-жақты баяндады.
Нақты мысалдар арқылы облыстық ұйымның еңбек дауларында мұғалімдердің құқықтарын қорғауы, еңбек өтілін немесе біліктілік санатын есептеу кезінде әділдікті қалпына келтіруге жәрдемдесуі көрсетілді.
Сондай-ақ кәсіподақ жарналарының қай бағыттарға жұмсалатыны және ұжымдық жауапкершілік тетігінің қалай жұмыс істейтіні егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Мектеп қызметкерлері талқылауға белсенді түрде қатысты. Педагогтерді жүктеме, еңбекақы төлеу және ауылдық жердегі жұмыс ерекшеліктері қызықтырды.
Осындай «тірі» байланыс ауыл мұғалімдерінің мәселелерін тікелей естуге мүмкіндік беріп, ұжымға үлкен әрі біртұтас ұйымның мүшесі екенін сезінуге жол ашты. Кәсіподақ - бұл бір-бірімізді естіген кездегі күш!
Павлодар облыстық ұйымының баспасөз қызметі