МӘРТӨКТЕ КӘСІПОДАҚТЫҢ ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Мәртөк ауданында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының есеп беру жиыны ұйымдастырылды. Басқосуға кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыдары, әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Жиында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты баяндама жасап, негізгі нәтижелерге тоқталды. Есеп барысында кәсіподақ қызметі білім және ғылым саласы қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбек қатынастарын тұрақтандыруға және кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталды. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелеріне құқықтық кеңес беру, еңбек дауларының алдын алу және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді.
Басқосуда барысында бірқатар үздік кәсіподақ белсенділері облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымдарының марапаттарымен, шипажай жолдамаларымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Бұл – сала қызметкерлерінің белсенділігі мен ұйымшылдығына берілген лайықты баға.
Есеп беру жиынынан кейін облыстық кәсіподақ ұйымының бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, кәсіподақ мүшелері және келісу комиссиясының мүшелері үшін «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Семинар барысында облыстық кәсіподақ өкілдері еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістерге тоқталып, білім беру ұйымдарында жиі кездесетін еңбек қатынастарына байланысты өзекті мәселелерді көтерді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, білім қызметкерлері сала өкілдеріне көкейкесті сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Осылайша, Мәртөк ауданындағы есеп беру жиыны кәсіподақ жұмысының нәтижесін саралап қана қоймай, алдағы міндеттерді айқындауға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға серпін берді.