ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ӘУЛЕТ
Жамбыл облысында ұстаздар әулетін көптеп кездестіруге болады. Солардың бірі – Қалаубековтер әулеті. Бұл әулеттің қызы Сәуле Қалаубек анасы Күләш Бұйраеваның жолын жалғап, бастауыш сынып мұғалімі атанса, ағасы мен інілері дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық және басқа да пәндер бойынша шәкірт тәрбиелеп келеді.
– Ата-анамыз бізге жақсы тәрбие беріп, саналы білім алуымызға барлық жағдай жасады. Соның әсері болар, біз бала кезімізден анамызға еліктеп, мұғалім болуды армандадық. Өзімізге сабақ берген ұстаздарымызға да қызыға қарайтынбыз. Әсіресе, апайымыздың диктант дәптерлерін жинап алып, жоғары көтеріп тұрып санағаны ерекше әсер қалдыратын. Сол сәттерде «Мен де өскенде мұғалім боламын» деп шешім қабылдадым.
Бүгінде сол арманым орындалды, – дейді Сәуле Үшкемпірқызы.
Сәуле Үшкемпірқызы ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң Жамбыл педагогикалық институтына оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын игереді. Оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын туған жері Ақкөл ауылындағы орта мектептен бастайды. Кейін Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы мектепте ұстаздық етеді. Қазіргі таңда 31 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог аудандық білім бөлімінде бастауыш сынып мұғалімдерінің әдіскері қызметін атқарып келеді.
– Өткен жылы мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған оқушыларым Ақкөлге арнайы шақырды. Тәрбиелеген шәкірттерімнің елге сыйлы азамат болып қалыптасқанына қуандым. Сол күні қара шаңырақта отырған анама да мектеп бітіргендеріне 50 жыл болған шәкірттері арнайы келіп, құрмет көрсетті. Қазір 85 жасқа келген анам өзін іздеп келген шәкірттерін көріп, ерекше қуанып қалды, – дейді ол.
Сәуленің айтуынша, анасы Күләш Бұйраева өз балаларына қандай қамқорлық көрсетсе, шәкірттеріне де сондай мейіріммен қараған.
– Анамыз сегіз баласын қалай өсірсе, шәкірттеріне де дәл солай қамқор болды. Бізден бір-екі жас үлкендігі бар Ардақ Еркебаев деген оқушысына анам күнде сабақтан қалмасын деп 20 теңе беретін. Ол да қазір азамат болды. «Апайымның күнде берген жиырма теңгесінің арқасында жақсы білім, жақсы тәрбие алып шықтым» деп айтады. Анамыздың жолын қуып, білім саласында жүрген шәкірттері де көп. Оларды жұмыс барысында талай кездестіріп, алғыстарын естідім, – дейді Сәуле Үшкемпірқызы.
Қазіргі таңда әулеттің кенже ұлы Досан мен келіні Гүлнұр да ұстаздық жолды жалғастырып келеді. Досан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі ауданға танымал балуан. Оның шәкірттері түрлі республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Ал келіні Гүлнұр өнер мектебінде ұстаздық етеді. Сәуле Үшкемпірқызы да өз кезегінде талай шәкірт тәрбиелеп, олардың азамат болып қалыптасуына үлес қосты. Оның шәкірттері бүгінде өздері де ұстаз атанып, жас ұрпаққа білім беруде. Ал әдіскер ретінде көптеген мұғалімдердің кәсіби тұрғыда қалыптасуына ықпал етіп келеді.
Жамбыл облыстық ұйымының Талас аудандық комитеті.