ҰСТАЗДАРҒА АРНАЛҒАН БІЛІМ ДОДАСЫ
Ақтөбеде Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен Республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының аудандық кезеңі ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.
Байқаудың басты мақсаты – жас педагогтардың шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың кәсіби тұрғыдан өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасау және білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған белсенді көзқарасын қалыптастыру. Сонымен қатар олимпиада жас мамандардың ізденісін шыңдап, тәжірибе алмасуына, кәсіби шеберлігін жетілдіруіне мүмкіндік берді.
Байқауға еңбек өтілі бес жылға дейінгі пән мұғалімдері, педагог-психологтар мен тәлімгерлер қатысты. Қатысушылар түрлі кезеңдер бойынша өз білімдері мен біліктіліктерін, шығармашылық ізденістері мен жаңашыл идеяларын ортаға салды. Әділқазылар алқасы үміткерлердің кәсіби шеберлігіне, жаңашылдығына және педагогикалық ұстанымына баса назар аударды.
Нәтижесінде І орынды Шұбарқұдық гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Әдемі Қайранова иеленді. ІІ орынға №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі Азамат Сұлтанәлі мен №2 Шұбарқұдық қазақ-орыс жалпы білім беретін орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Аяжан Абдуллина лайық деп танылды. ІІІ орынды Сартоғай негізгі орта мектебінің химия пәні мұғалімі Ділназ Сегізбай қанжығасына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы атынан арнайы марапаттар табысталды. Сонымен қатар оларға Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа жолдама сыйға берілді.
-
Фотографии
-