ШУДАҒЫ АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Шу ауданындағы №40 мектеп-лицейінің ұжымымен кездесті.
Бастауыш ұйымның күнделікті тыныс-тіршілігімен комитет төрағасы Айгүл Бейсенбекқызы таныстырды. Оның айтуынша биылғы оқу жылында білім мекемесінде жұмыс істейтін 164 қызметкердің 163 кәсіподақ мүшесі. Оның ішінде кіші қызметкерлер саны – 58. Өткен жылы ұжымнан 7 адам шипажайларға кәсіподақ жолдамасын алса, бірнеше адам туристік саяхаттарға шыққан. Сондай-ақ, мерейтой иелері, зейнетке шығу даталармен 8 сала қызметкері марапатталса, 4 кәсіподақ мүшесі қаржылай материалдық көмек алыпты.
- «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты IX облыстық спартакиадаға мектептен іріктелген 3 қызметкер қатысса, «Кәсіподақ барысы - 2025» облыстық турнирінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақдаулет Қазыбек ІІ орын иеленді. Былтырғы республикалық додада Бақдәулет бас жүлде иеленсе, 2024 жылы да бас жүлде алған болатын, - деді Айгүл Бейсенбекқызы.
Шу аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Аида Бекмурзинаның айтуынша, №40 мектеп-лицейден 20 адам құқықтық кеңеспен жүгінсе, 5 сала өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылған. Сонымен қатар еңбегімен ерекшеленген 12 кәсіподақ мүшесі Алғыс хатпен марапатталған.
Бұдан кейін Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков облыстық ұйымның өткен жылы атқарған іс-шараларымен таныстырып, әлеуметтік әріптестік актісі болып табылатын келісімдер мен ұжымдық шарттар аясында кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы іс-шараларға тоқталды.
- Кәсіподақ жарғысына сәйкес негізгі функциясы болып табылатын құқықтық қорғау жұмысымен облыста 12 маман айналысады. Былтыр еңбек заңдылығының орындалуын бақылау мақсатында заңгерлердің қатысуымен 563 тексеру жүргізіліп, 1708 заңбұзушылық жағдайы анықталды. Көрсетілген құқықтық қызметтің саны 11 377-ні құрады. Құқықтық қызметтің мамандарымен кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда сотқа 12 талап арыз дайындалды, түрлі сот инстанциясында 31 рет өкілдік етілді. Құқық қорғау жұмыстарының нәтижесінде білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне 2025 жылы 415 000 894 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат төленді, ал жалпы экономикалық тиімділік 707 114 009 теңгені құрады, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Сондай-ақ, Жергілікті кәсіподақ төрағасы әлеуметтік желі мен қоғамда кәсіптік одақтарға деген теріс пікір таратып жүргендерді де сынға алды.
- Ортамызда жүрген кейбір азаматтар әлі күнге кәсіподақ шипажайларға жолдама үлестіретін, Жаңа жылда тәтті тарататын ұйым деп түсінеді. Жоғарыда айтылған 11 мыңнан аса арыздың ішінде «путевка» сұраған бірде-бір арыз жоқ. Барлығы да еңбек қатынастарына байланысты. Мыңдаған сала қызметкері ұжымдық шарт аясында кәсіподақ игілігін пайдаланып жүргенін білмей де қалады. Бір арыз-шағымның аясында облыстағы мыңдаған адамның осы мәселемен кездеспейтіндей етіп басты әлеуметтік әріптесіміз Білім басқармасымен келісеміз. Бұл үшін әлеуметтік әріптестерімізге үлкен алғыс айтамын, - деді Жергілікті кәсіподақ төрағасы.
Кездесу барысында бастауыш ұйым мүшелері бірқатар сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған Ерұлан Мағзымбеков «Кәсіподақ жарнасы қайда кетеді?» деген сауалдар аясында түсіндірме жүргізді.
– Кәсіподақ мүшелері тарапынан «Біздің жарнамыз қайда кетіп жатыр?» деген сұрақ туындауы заңды. Сараптау нәтижесінде Сіздердің бастауыш ұйымнан 2025 жылы түскен жарна көлемі 3 миллион теңгені құрайды. Ал ұжымға қайтқан сома 3 миллион 282 мың теңге. Яғни 100% жарналарыңыздан бөлек үстінен қосымша ақы түсіп, өздеріңіздің ішкі қажеттіліктеріңізге жараған. Ал Ұжымдық шарт нормалары бойынша төленген, қосымша ақы, үстеме ақы төленген қаражатты қоса есептесе бұдан да көп сома шығады. Оның барлығы сіздердің жалақыларыңызға қосымша ақы ретінде бюджеттен берілуде, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-