ШӘКІРТ ПЕН ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНЕ ҚҰРМЕТ
Ақтөбеде Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау салтанаты ұйымдастырылды.
Білім бәйгесінде ерекше табысқа қол жеткізген Мұғалжар ауданының командасы облыстық кезең қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық команда – 2026» номинациясында Бас жүлдені жеңіп алып, аудан мерейін асқақтатты. Зияткерлік додада оқушылар бес алтын, сегіз күміс, он екі қола медаль иеленіп, бес қатысушы мадақтау қағазымен марапатталды.
Облыстық пәндік олимпиаданың жалпы қорытындысы бойынша «Үздік орта мектеп» номинациясында Қандыағаш қаласындағы №4 жалпы білім беретін орта мектебі жүлделі екінші орынды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Салтанатты жиын барысында республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен командалар да арнайы марапаттарға ие болды. Бұл – жас білімпаздардың еңбегіне көрсетілген зор қолдау мен үлкен сенімнің айғағы.
Сонымен қатар, Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының демеушілігімен оқушыларды табандылықпен даярлаған ұстаздарға шипажайларға тегін жолдамалар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл бастама ұстаз еңбегін бағалау мен білім саласына көрсетілген шынайы қамқорлықтың көрінісі болды.
Мұғалжарлық шәкірттер мен ұстаздардың бұл жетістігі – аудан білімінің жүйелі жұмысы мен ортақ еңбектің жемісі.