АҚТӨБЕДЕ КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының және Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжінің Мәжіліс залында «Кәсіподақ көшбасшылығы: цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбында өзекті семинар-тренинг өтті. Шараға жүзге жуық аудандық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының, облыстық білім мекемелері мен орталықтардың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ жастары қатысып, заманауи кәсіподақ қызметін дамыту жолдарын талқылады.
Семинардың ашылуында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова бүгінгі таңда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект кәсіподақ жұмысының ажырамас бөлігіне айналып отырғанын ерекше атап өтті. Облыстық ұйым төрағасы кәсіподақ көшбасшысы тек басқарушы ғана емес, өзгерістерге бейім, жаңашыл ойлайтын, заманауи құралдарды тиімді қолдана алатын тұлға болуы тиіс екенін жеткізді.
Семинардың негізгі мақсаты — кәсіподақ көшбасшылары мен белсенді мүшелерінің цифрлық сауаттылығын арттыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіподақ қызметіне тиімді енгізу, сондай-ақ заманауи басқару дағдыларын қалыптастыру болды. Бұл бағытта қатысушыларға нақты тәжірибелік ұсыныстар мен пайдалы ақпараттар ұсынылды.
Іс-шара барысында Астана қаласынан келген салалық кәсіподақ өкілдері мен білікті мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Салалық кәсіподақтың бас маманы Индира Сақауова «Кәсіподақтық оқытуды ұйымдастыру – кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттырудың маңызды тетігі» тақырыбы бойынша кәсіподақ қызметіндегі білім беру мен оқытудың мәнін нақты мысалдармен атап өтті.
Адам ресурстары бойынша сарапшы, инновациялық ойындар мен әдіс-тәсілдердің авторы, PhD доктор Гүлзи Нәби «Көшбасшылық және мотивация: кәсіподақ мүшелерінің белсенділігі» тақырыбында тренинг жүргізіп, қатысушыларға көшбасшылық қасиеттерді дамыту және ұйымішілік ынталандырудың нақты тәсілдерін көрсетті.
Сондай-ақ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің “Аймақтану” кафедрасының доценті, PhD доктор Айнагүл Бекебаева «Жасанды интеллектіні кәсіподақтық оқытуда қолдану жолдары» тақырыбында баяндама жасап, қатысушыларға цифрлық құралдар мен жасанды интеллект көмегімен кәсіподақ жұмысын қалай жеңілдетуге болатынын тәжірибелік түрде үйретті.
Қатысушылар белсенділік танытып, өз тәжірибелерімен бөлісті, түрлі сұрақтар қойып, тақырыпты терең талқылады. Ашық пікір алмасу мен интерактивті тренингтер семинарға ерекше серпін беріп, заманауи тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік берді.

-
Фотографии
-