ЕҢБЕКҚОР ТҰЛҒА
Бүгін біз мектеп табалдырығын жиырма жыл бұрын жай ғана қызметкер ретінде емес, мектеп пен болашаққа адал еңбегін арнауға дайын жан ретінде аттаған адам туралы құрметпен сыр шертеміз.
Гүлнар Анатольевна өзінің кәсіби жолын СҚО, Ақжар ауданындағы Горьковский орта мектебінде вахтёр қызметінен бастаған еді. Сол кезде-ақ оның жанарынан мейірім, зеректік және ерекше қамқорлық сезілетін.
Уақыт өте келе тағдыр оған хатшы лауазымымен жаңа сенім жүктеді. Бүгінде Гүлнар Анатольевна талай жылдан бері мектеп ұжымының жүрегіндей қызмет етіп келеді. Әрбір құжат, әрбір қағаз оның ұқыпты қолдарынан өтеді.
Хатшы - мұғалімдер мен оқушыларды, ата-аналар мен әкімшілікті байланыстырып тұрған алтын көпір.
Жиырма жыл уақыт ішінде мектеп қабырғасынан бірнеше буын түлеп ұшты. Бір кездері оның жылы жүзі күлімдеп қарсы алған оқушылар бүгінде өз баласын да осы мектепке жетелеп келеді.
Оның өмір жолы - адалдық пен төзімнің айғағы. Ең қарапайым қызметтен бастап, ол өз еңбегімен, адамға деген сүйіспеншілігімен және пайдалы болуға деген ұмтылысымен жаңа биіктерге көтерілді. Бүгінде ол - мектеп тарихында есімі алтын әріппен жазылған, орнын ешкім баса алмайтын қызметкер. Сонымен қатар Гүлнар Анатольевна ұжымдағы көптеген іс- шаралардың қатысушысы, кәсіподоқ комитетінің белсенді мүшесі.
Оған жылдар бойғы адал еңбегі үшін, мектептің тірегіне айналған сенімділігі мен әділдігі үшін шексіз алғыс айтамыз.
Горьковский орта мектебі, Ақжар ауданы, СҚО