ЕҢБЕК АДАМЫ
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға», – деп ұлы Абай айтқандай, ұстаздық жол – табандылық пен үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті мамандық. Осындай ұлағатты жолды өмірлік мұратына айналдырған жандардың бірі – Шалқар қаласындағы І. Үргенішбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі Төремұратова Света Әлсейітқызы.
Света Төремұратова – педагог-зерттеуші, білім беру саласында 42 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз. Ол 1984 жылдан бері осы білім ордасында үздіксіз қызмет атқарып келеді. 1985–1991 жылдары Алматы қаласындағы Қыздар институтының тарих факультетін тәмамдап, жас маманнан білікті ұстаз дәрежесіне дейін өсті.
Еңбек жолын пионер-вожатый қызметінен бастаған ол, 1991–2006 жылдары тарих пәні мұғалімі, 2006–2016 жылдары бейіндік оқыту жөніндегі директордың орынбасары, 2018–2024 жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 2024 жылдан бастап тарих пәні мұғалімі ретінде шәкірт тәрбиелеу ісін жалғастырып келеді.
Ұстаздың саналы еңбегі шәкірт жетістіктерінен айқын көрінеді. Оның оқушылары республикалық «Тарих ата» олимпиадасында жүлделі І және ІІ орындарды иеленіп, білім бәйгесіндегі жеңістері үшін Астана–Көкшетау–Бурабай бағытында тегін демалу мүмкіндігіне ие болды. 2021 жылы облыстық «Отан тарихы», «Менің кішкентай Отаным» конкурстарында және ғылыми жобалар қорғау сайыстарында І және ІІІ орындарды жеңіп алды.
Ұстаз еңбегі лайықты бағасын алып келеді. Аудандық сынып жетекшілер сайысында «Зерттеуші жетекші» номинациясы бойынша ІІ орын, «Ең үздік аудан мұғалімі» байқауында Бас жүлде иеленген. Ақтөбе облысы әкімдігі ұйымдастырған педагогикалық жетістіктер байқауында «Облыстың ең үздік мұғалімі» атанып, облыс әкімінің грант иегері болды. Республикалық және облыстық педолимпиадаларда І және ІІ орындарды жеңіп алып, аудандық, облыстық, республикалық Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Төремұратова Света Әлсейітқызы – ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған, білімі мен білігін шәкірт бойына сіңіре білген нағыз еңбек адамы, ұлағатты ұстаз.