ҮЗДІК ҰЙЫМДАР АНЫҚТАЛДЫ
Кәсіподақ қозғалысының дамуына серпін беріп, ұйымдар арасындағы тәжірибе алмасуды арттыру мақсатында «Ең үздік филиал» және «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауы өтті.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы өткізген байқауда кәсіподақ жұмысының барлық негізгі бағыттары қамтылып, ұйымдардың белсенділігі мен нәтижелілігін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берілді.
Аталған шара барысында филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік-экономикалық мүдделерді қамтамасыз ету, ұжымдық шарттардың орындалуы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жастар саясаты, әйелдер мен ардагерлерге қолдау көрсету, мәдени-спорттық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде сарапталды.
Жыл бойы кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Сонымен қатар, түрлі семинарлар, кездесулер, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, кәсіподақ мүшелерінің ұйымға деген сенімі мен белсенділігі артты.
Байқау қорытындысында облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов бір жылда атқарылған жұмыстарды саралап, облысқа қарасты 28 бастауыш кәсіподақ ұйымының іс номенклатурасы бір жүйеге келтірілгенін жеткізіп, филиалдарға облыстық деңгейде әдістемелік көмек көрсетілгенін айтып, нәтижесін таныстырды.
«Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» облыстық байқауында І орынды Талдықорған қаласының облыстық №2 арнайы мектеп –интернаты, ІІ орынды Регбиден мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, ІІІ орынды Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы иеленді.
Ал, «Ең үздік филиал» байқауында І орынды Талдықорған қалалық филиалы, ІІ орынды Кербұлақ аудандық филиалы, ІІІ орынды Панфилов аудандық филиалы еншіледі.
Үздік деп танылған филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары тәжірибесі өзгелерге үлгі болып, алдағы уақытта кәсіподақ қызметін одан әрі жетілдіруге негіз болмақ.
«Ең үздік филиал» және «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқаулары кәсіподақ қозғалысының бірлігін нығайтып, ортақ мақсат жолындағы жүйелі еңбектің нақты нәтижесін көрсетті. Бұл байқау – өткен жылдың қорытындысы ғана емес, алдағы жаңа жетістіктерге бастайтын маңызды қадам.
-
Фотографии
-