БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ НАЗАРДА
Түркістан облысының білім басқармасының Сайрам ауданы білім бөліміне қарасты №96 жалпы білім беретін мектептің кәсіподақ мүшелері үшін ерекше маңызы бар кездесу ұйымдастырылды. Оған Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының «Шапағат-педагог» жергілікті кәсіподағының төрайымы Гүлнара Тілеубердиева арнайы қатысып, ұстаздар қауымымен өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шараға мектеп директоры Абдифаяз Абдишкуров, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Равшанбек Ирисдавлатов және кәсіподақ мүшелері қатысты.
Кездесу барысында Гүлнара Тілеубердиева қызметкерлердің заңмен бекітілген құқықтары, әлеуметтік-еңбек мүдделерін қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кең көлемде ақпарат берді. Ол педагогтардың құқықтық сауаттылығын арттырудың және қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде мектеп директоры Абдифаяз Абдишкуров ұжымдағы бірлік пен кәсіподақтың қолдауына тоқталып: — Мұғалім – қоғам айнасы. Бүгінгі сапалы білімнің негізінде қажырлы еңбегімен мектеп мәртебесін көтеріп жүрген ұстаздарымыз тұр. Ұжымның әлеуметтік қорғалуы — біз үшін басты міндеттердің бірі, — деп өз алғысын білдірді.
Жиын соңында ұзақ жыл табанды еңбек етіп, білім саласының дамуына өз үлесін қосқан үш қызметкерге зейнетке шығуына орай ерекше құрмет көрсетілді. Олар алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болып, әріптестер тарапынан жылы лебіздер білдірілді. Сондай-ақ адал еңбегімен көзге түскен жұмысшы мамандық иелері де арнайы марапатталды.