ЖЕТІСУДА ОҚЫТУ СЕМИНАРЛАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Еңбек дауларының алдын алу және ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету – келісу комиссияларының негізгі міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы келісу комиссиясы мүшелерінің кәсіби білігін арттыруға бағытталған оқыту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Аталған бастама аясындағы семинарлардың кезекті кезеңі Сарқан аудандық кәсіподақ филиалында ұйымдастырылды. Оқыту шарасына ауданға қарасты білім беру ұйымдарының келісу комиссиясы мүшелері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен мекеме басшылары қатысты.
Жиынды облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов ашып, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек дауларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Ол келісу комиссияларының рөлін күшейту мен еңбек қатынастары мәдениетін арттырудың маңызды екенін атап өтті.
Семинар барысында облыстық кәсіподақ ұйымының заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан қатысушыларға еңбек дауларының түрлері, оларды шешу тәртібі, келіссөз жүргізудің тиімді әдістері, комиссия мүшелерінің жауапкершілігі мен құқықтық талаптар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сарқанда өткен бұл оқыту барысында қатысушылар келісу комиссиясы отырысын ұйымдастыру, хаттама толтыру тәртібі, қабылданған шешімдердің заңдық күші, сондай-ақ еңбек заңнамасындағы жаңалықтармен танысты. Семинар еркін пікір алмасу форматында өтіп, тыңдаушылар көкейлеріндегі сұрақтарды қойып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Бұл семинар – аудандық деңгейдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыруға, еңбек дауларын әділ әрі заңға сай шешуге бағытталған маңызды қадам. Келісу комиссиясы мүшелері алған білімдерін еңбек ұжымдарында тиімді қолдануға дайын екендіктерін жеткізді.
«Жетісу» жергілікті кәсіподағы алдағы уақытта да өңірлерде осындай оқыту іс-шараларын жалғастырып, еңбек қатынастары мәдениетін дамытуға үлес қоса бермек.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-