ШАЛҚАР МҰҒАЛІМДЕРІ ДӘСТҮРЛІ СПАРТАКИАДАДА БАҚ СЫНАДЫ
Ақтөбенің Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен аудан педагогтары арасында өткізілген дәстүрлі мұғалімдер спартакиадасының жабылу салтанаты ұйымдастырылды. Спартакиада білім беру мекемелерінің мұғалімдері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды, спорттық ойындар арқылы ұжымды біріктіруді, бос уақытты тиімді ұйымдастыруды, сондай-ақ ұстаздардың физикалық және психологиялық жағдайын жақсартуды және олардың денсаулығын нығайтуды көздеді. Сонымен қатар мұғалімдер арасындағы достықты, ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Аудандық спартакиада биыл спорттың тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, үстел теннисі, шағын футбол және волейбол (ерлер және әйелдер) секілді алты түрінен өтіп, жарысқа аудан мектептерінің құрама командалары қатысты. Қатысушылар өзара жоғары дайындық пен шеберлікті көрсетіп, тартысты ойын өрнегін ұсынды.
Спартакиада қорытындысы бойынша командалық бірінші орынды №1 мектеп-гимназиясы иеленсе, екінші орынға І.Үргенішбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің құрамасы шықты. Үшінші орын №2 мектеп-гимназиясының командасына бұйырды. Жарыс жеңімпаздарына аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен дипломдары табысталды. Сонымен бірге жүлдегерлерге аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді.
Дәстүрлі білім беру қызметкерлерінің спартакиадасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұстаздар қауымын бірлікке, белсенді өмір салтына және спортқа баулуды жалғастыра бермек.