АҚТӨБЕЛІК ҰСТАЗ – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ЖҮЛДЕГЕРІ
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогы – 2025» республикалық байқауында Ақтөбе облыстық арнайы «мектеп-интернат-колледж» кешенінің информатика пәні мұғалімі Шаханова Нұргүл Абдулхамитқызы «Арнайы мектептің үздік педагогы» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орын иеленді.
Бұл марапат – ұстаздың ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыстағы жоғары кәсіби шеберлігінің, жауапкершілігі мен еңбексүйгіштігінің айқын дәлелі.
Шаханова Нұргүл Абдулхамитқызы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық университетін «Информатика және дефектология» мамандығы бойынша тәмамдап, кәсіби жолын білім беру саласына арнады.
Саналы ғұмырын ерекше білім беруді қажет ететін балалардың танымдық қабілетін дамытуға арнап келе жатқан педагогтың жалпы еңбек өтілі — 28 жыл.
Ұстаз шәкірттерінің цифрлық сауаттылығын арттыру, заманауи технологияларды меңгерту, оқу процесіне инновациялық әдістер енгізу бағытында үлкен еңбек сіңіріп келеді. Нұргүл Шаханованың кәсіби біліктілігі, әдістемелік шеберлігі мен педагогикалық жаңашылдығы республикалық деңгейде жоғары бағаланды.
Құрметті Нұргүл Абдулхамитқызы!
Жетістігіңіз құтты болсын!
Сізге шығармашылық шабыт, кәсіби жолыңызда толағай табыстар, жаңа белестер мен биік жетістіктер тілейміз.