АҚТӨБЕДЕ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Атқару комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова, аппарат қызметкерлері, комитет мүшелері, аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Отырыста ең алдымен облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов 2025 жылы аумақтық кәсіподақ мүшелерінің демалысын ұйымдастыру мен өткізу бағытындағы жұмыстардың қорытындысы туралы баяндама жасады. Ұйымның бас маманы өз сөзінде күзгі демалыс кезінде мұғалімдер мен сала қызметкерлерінің тиімді әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру мәселелеріне тоқталып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды да тілге тиек етті.
Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Қасымхан Әбенов еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру бағытында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Ол аудан мектептерінде қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру, заңнама талаптарының орындалуын қадағалау және қызметкерлердің құқығын қорғау бойынша нақты шаралар атқарылғанын айтты.
Мұғалжар және Темір аудандық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары Жұмагүл Жұмабаева мен Назгүл Сабенова сала қызметкерлері үшін әлеуметтік әріптестік аясында қосымша әлеуметтік-экономикалық кепілдіктер қалыптастыру жөніндегі жұмыстарымен бөлісті. Олар жергілікті білім беру ұйымдарында әлеуметтік диалогты күшейту, келісімдер мен шарттардың орындалуына бақылау жүргізу бойынша өз тәжірибелерін ұсынды.
Өз кезегінде облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев еңбек заңнамасының сақталуы, қоғамдық бақылау тиімділігін арттыру және ұжымдық шарттардың орындалуы бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Ол кәсіподақ ұйымдарының құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық көмек көрсету бағытындағы маңызды жайттарды атап өтті.
Отырысты қорытындылаған облыстық ұйым төрағасы Раушан Серікова көтерілген мәселелер бойынша аудандық ұйым басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ол еңбек қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды, ұжымдық шарттарда көрсетілген әлеуметтік міндеттердің толық орындалуын қамтамасыз етуді және ақпараттық жұмыс пен қаржылық есептілікті күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, жұмыс барысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша кәсіподақ жетекшілеріне сын-ескертпелер жасады.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер талқыланып, тиісті қаулылар қабылданды. Бұл шешімдер алдағы уақытта кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жүйелеу мен тиімділігін арттыруға бағытталды.
Атқару комитетінің отырысынан кейін қатысушылар үшін тәжірибе алмасу сессиясы ұйымдастырылды.
Облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серимбетов кәсіподақ ұйымдарындағы іс жүргізу, статистикалық есеп және кеңсе жұмысында жасанды интеллектті қолданудың тиімді құралдары туралы республикалық семинарда алған тәжірибесімен бөлісті. Ол ЖИ технологияларының құжат айналымын жеңілдету мен жұмыс сапасын арттырудағы артықшылықтарын атап өтті.
Бас маман Сандуғаш Дүйсенбаева қазіргі қоғамдағы әлеуметтік желілердің рөлі, контент жүргізудің негізгі қағидалары, жастармен жұмысты жандандыру бағытындағы ұсыныстарын ұсынды.
Ал облыстық кәсіподақ ұйымының бас есепшісі Алтын Базарғалиева кәсіподақ ұйымдарындағы қаржы-шаруашылық қызметі және бақылау-тексеру комиссиясының жұмыс тәжірибесі туралы баяндама жасады. Ол қаржылық ашықтық пен тиімді жоспарлаудың кәсіподақ жұмысындағы маңызын ерекше атап өтті.
-
Фотографии
-