ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Жас ұрпақты арман асуына жетелеп, білімнің биік шыңына көтеретін – ұстаз. Ұстаздың жарқын бейнесі мен білімге деген құштарлығы шәкірт жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. Өзі тәлім берген әрбір баланың бойына адамзаттық құндылықтарды сіңіріп, оларды биік мақсаттарға бағыттайтын сондай жанның бірі – Мадина Ізбасова.
Ізбасова Мадина Таженқызы – Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бегалы негізгі мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің тәжірибелі мұғалімі. Оның педагогикалық еңбек өтілі – 28 жыл. Еңбек жолын 1998 жылы бастап, бүгінгі күнге дейін білім саласында үздіксіз қызмет етіп келеді.
Ұстаздың жоғары кәсібилігі көптеген марапаттарға ие болуымен дәлелденеді. Орыс тілі пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық педагогикалық олимпиадада І орынға ие болып, «Лучший учитель русского языка и литературы в классах с нерусским языком обучения» облыстық байқауының жүлдегері атанған. Республикалық деңгейдегі Дәстүрлі Интернет олимпиадасында оқушылардың белсенділігін арттыруға қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталған. Сонымен қатар республикалық орыс тілі олимпиадасында І дәрежелі дипломға ие болып, «КИО» республикалық олимпиадасында І орынды қанжығасына байлаған. Педагогикалық шеберлігі мен шығармашылық еңбегі үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын иеленіп, жас ұрпақ тәрбиесіндегі жетістіктері үшін облыстық деңгейде тағы бір Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ алғаш рет тағайындалған Ақтөбе облысы әкімінің грантының иегері атануы – ұстаз еңбегінің елеулі бағасы.
Мадина Ізбасованың шәкірттері де түрлі облыстық және аудандық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткізіп, ұстаз еңбегінің нәтижесін көрсетіп жүр.
Білімі терең, жүрегі мейірімге толы, өз ісіне адал Мадина Ізбасова бүгінгі қоғамға қажет жан. Ол – оқушыларының жүрегіне жарық сыйлап, өмір жолына сенімді қадам басуға жетелейтін нағыз ұстаз, өз ісінің шебері.