ПЕДАГОГТАР АРАСЫНДАҒЫ БАЙҚАУ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Ақтөбеде Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагог-психологтары арасында өткізілген «Ең үздік тренинг» байқауы өз мәресіне жетті. Биылғы байқау педагог-психологтардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, тәжірибе алмасуға, жаңа әдіс-тәсілдерді насихаттауға және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталды.
Байқау барысында қатысушылар өздерінің кәсіби қабілеттерін жан-жақты таныстырып, тренинг жүргізудегі шеберліктерін көрсетті. Сарапшылар алқасының шешімімен жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
Байқаудың бас жүлдесін Жанар Оразғұлова-Садуақасова («Нұрлы болашақ» балабақшасы) иеленсе, үздік өнерімен көзге түскен Наргиза Құдайберген (Туберкулез ауруына қарсы санаторлық түрдегі «Нұр» балабақшасы) ІІ орынға лайық деп танылды. Ал ІІІ орын Татьяна Қойбағарова («Шұғыла» бөбекжай-бақшасы) мен Клара Айжарықова («Айгөлек» бөбекжай-бақшасы) арасында бөлісті.
Сонымен қатар, байқауға белсенді қатысқаны үшін Анаргүл Бекбаулова («Құлагер» бөбекжай-бақшасы) Алғыс хатпен марапатталды. Облыстық кезеңге Жанар Оразғұлова-Садуақасова мен Наргиза Құдайберген жолдама алды.
Барлық қатысушылар аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан арнайы марапаттарға ие болды. Бұл байқау педагог-психологтардың кәсіби даму алаңына айналып, олардың тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік берді.