ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ
Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық білім бөлімі мен Кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен барлық мектептердегі бастауыш ардагер кеңесінің төрағаларының қатысуымен «Саналы ғұмыр – сарқылмас өнеге» атты тағылымды кездесу кеші өткізілді.
Іс-шараға білім бөлімінің басшысы Жәнібеков Берік Съездұлы және арнайы Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, облыстық білім саласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Суюбаева Баян Орынбекқызы, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Алтынсарин төсбелгісінің иегері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Исмаилова Рамза Исааковна, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Жұмабаева Талмаш Жұмабайқызы және басқа да қадірменді ардагер ұстаздар қатысты.
Іс-шараның алғы сөзінде білім бөлімінің басшысы Берік Сьездұлы - ардагер ұстаздар білімнің шамшырағы, ұрпақ тәрбиесінің алдын діңгегі, бар өмір жолын шәкірт тәрбиесіне арнап, жас ұрпаққа біліммен қатар адамгершілік пен ізгіліктің үлгісін көрсеткен абзал жандар. Осы орайда сала ардагерлеріне әрдайым құрмет көрсету, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, ұстаздық еңбектің қадірін дәріптеу біздің міндетіміз - деп, бүгінгі өткізіліп отырған ізгі шараның мақсат- міндетін жеткізді.
Сонымен қатар кездесу барысында ардагер ұстаздар тарапынан ұстаздық жолдың маңызы мен білім мен тәрбиенің құндылығы және ұрпаққа үлгі болар өнегелі өмір туралы тағылымды әңгімелер мен ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ, ұстаздық еңбектері мен қоғам дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар ардагер ұстаздар облыстық және аудандық білім бөлімінің, кәсіподақ комитетінің Алғыс хаттарымен марапатталды.