БАҚЫЛАУ-ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Бақылау-тексеру комиссиясы қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинарға білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының Бақылау-тексеру комиссияларының мүшелері қатысты.
Семинардың ашылуында Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков іс-шараның мақсатымен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Бақылау-тексеру комиссиясы кез-келген кәсіподақтың ішкі құрылымындағы ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ететін негізгі орган. Оның мүшелерінің кәсіби даярлығы мен құқықтық сауаты кәсіподақ ұйымының беделі мен сенімділігінің көрсеткіші саналады. Сондықтан да, бүгінгі семинарда бақылау-тексеру комиссияларының жұмысын жетілдірудің жолдарын қарастырып, ішкі бақылау жүйесін күшейте түсуді мақсат етіп отырмыз, - деді Жанболат Орынбеков.
Алғашқы болып дәріс өткен Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова Бақылау-тексеру комиссиясының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, оның кәсіподақ құрылымындағы рөлі, атқаратын негізгі функциялары мен жұмыс принциптері туралы жан-жақты түсіндірді. Келесі болып сөз алған Жанболат Орынбеков «Бақылау-тексеру комиссиясы мүшелерінің кепілдіктері» тақырыбында баяндама жасап, комиссия мүшелерінің еңбек құқықтарын, қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі заңмен бекітілген кепілдіктерін түсіндірді. Сонымен бірге комиссия жұмысының ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Ал семинардың екінші бөлімінде Кәсіподақтың Біріккен комитеті филиалының есепші-маманы Ақжүніс Құрмашева «Бақылау-тексеру комиссиясының құжаттарын рәсімдеу мен жүргізу тәжірибесі» тақырыбында практикалық мазмұндағы дәріс өткізді. Бұл сессияда қатысушылар нақты құжат үлгілерін талдап, есептілікті жүргізудің жүйелі тәсілдерімен танысты. Тәжірибелік мысалдар арқылы тексеру актілері мен есеп құжаттарын толтырудың тәртібін үйренді.
Семинар соңында еңбек және салалық заңнаманы қолдану сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағаты өтіп, жиі кездесетін құқықтық сұрақтарға жауап берілді. Тыңдаушылар өз кезегінде семинардың мазмұны мен ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, мұндай іс-шаралардың тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-