ЕҢБЕК АДАМЫ
Адамның өмір жолындағы ең абыройлы да жауапты іс – еңбек. Өз ісіне адалдық пен ұқыптылық танытып, бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздардың бірі – Бердімағамбетова Жанна Жалғасбайқызы.
Жанна Бердімағамбетова ұстаздықтың қыр-сырын меңгерген майталман маман. Ол 1989–1992 жылдары Жаңажол орта мектебінде, 1992–2022 жылдары Шұбарши жалпы орта білім беретін мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. 2022 жылдан бастап Шұбарши мектеп-бөбекжай-балабақшасында қызметін жалғастырып келеді.
Жанна Жалғасбайқызы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, еңбекқор әрі тәжірибелі ұстаз. Әріптестері мен ата-аналар арасында зор беделге ие. Жас мұғалімдерге тәлімгерлік жасап, әрдайым қолдау білдіріп отырады. Сабақ беруде жаңашыл әдістерді қолдана отырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөледі.
Оның оқушылары «Ақбота» интеллектуалдық олимпиадасы мен облыстық «Бастау» байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр. Тәлімін алған түлектерінің бірі қызыл аттестатпен мектепті бітірсе, енді бірі ұстаздық жолды жалғастырып келеді. Бұл – Жанна ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы.
Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда:
• Ақтөбе облыстық білім басқармасының және кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталары (2021, 2022, 2023);
• 2022–2025 жылдар аралығында өткен облыстық пәндік олимпиадаларда І, ІІ, ІІІ орындар;
• ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Мақатаев оқулары» байқауындағы еңбегі үшін Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар (2024);
• 2024 жылы «Педстарт» бастауыш сынып мұғалімдерінің пәндік олимпиадасында І дәрежелі дипломға ие болған.
Сонымен қатар, Жанна Бердімағамбетова 2025 жылы «Бастауыш сыныпта математика сабақтарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру жолдары» атты мақаласын баспасөзде жариялап, өз тәжірибесімен бөлісті.
Бердімағамбетова Жанна Жалғасбайқызы – шәкірт жүрегіне нұр құйған, өмірін білім мен тәрбиенің биік мақсаттарына арнаған абзал жан. Еңбекқорлығы мен кәсібіне деген сүйіспеншілігі оны нағыз еңбек адамы ретінде даралайды.