ҰСТАЗДАР ҰЛТТЫҚ ОЙЫННАН ЖАРЫСТЫ
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Талдықорған қалалық филиалы ұстаздар арасында ұлттық ойыны - асық атудан жарыс ұйымдастырды.
Жарыстың басты мақсаты- ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, ұстаздар қауымы арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ педагогтардың ұйымшылдығын арттыру мен достық қарым-қатынасты орнату болды.
Еркін ауылдық округіндегі МДШО бар №26 орта мектептің спорт залында өткен сайыста Талдықорған қаласындағы білім беру мекемелерінен 16 команда, яғни 48 педагог қатысты. Әр команда өз шеберлігін, мергендігін сынап, асық атудағы ептілігін көрсетті.
Жарыс барысында қатысушылар жеребе арқылы қарсыластарын анықтап, өзара жарыс жолына шықты. Тартысты өткен әр кездесуде қатысушылар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетіп, ұлттық ойынға деген қызығушылықтарын арттырды.
Тартысты өткен ойын қорытындысы бойынша І орынды №15 орта мектеп командасы жеңімпаз атанып, ІІ орынды Есжан Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектебі командасы ие болды. ІІІ орынды №4 орта мектеп және Ш.Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясы иеленді.
Жеңімпаз командаларға Талдықорған қалалық кәсіподақ филиалы атынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.
Сонымен қатар, жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Еркін ауылдық округіндегі МДШО бар №26 орта мектеп ұжымына филиал төрағасы Айым Ерікқызы алғысын білдіріп, Алғыс хатты табыс етті.
Ұлттық дәстүрді дәріптеген бұл шара ұстаздардың бірлігін арттырып, салуатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосты.
Талдықорған қалалық филиалы