БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН ҰЯСЫ
Тамыры тереңге бойлаған, талай буынды түлетіп ұшырған білім ордасы – Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымы Кентау қалалық кәсіподақ комитетіне қарасты Тұрар Рысқұлов атындағы №24 жалпы білім беретін мектеп – сапалы білім мен өнегелі тәрбиенің ордасы саналады. Тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесін қосқан талай азаматтар осы алтын ұядан түлеп ұшты.
Биыл іргесі биік, керегесі кеңейген, бірлігі жарасып, ырысы тасыған білім ұясы өзінің 40 жылдық мерейтойын тойлауда.
1985 жыл! Алғашқы қоңырау! Алғашқы шәкірттер! Ыбырай атамыздың жез қоңырауы дәл осы жылы алғаш рет сыңғыр қағып, мектеп қабырғасынан білім іздеген алғашқы шәкірттерін қарсы алған болатын. Сол күннен бері мектеп тарихында талай маңызды белестер мен жетістіктерге қол жеткізілді.
Ағымдағы жылдың қазан айының соңғы күні білім ұясының 40 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын жоғары деңгейде өтті. Шараға Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Ж.Шайдулла, Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.П.Таукеева, қала қонақтары, мектеп түлектері мен ардагер ұстаздар қатысты. Мерекелік жиын ерекше көңіл күймен, салтанатты түрде ұйымдастырылды.
Мерекелік кеште мектеп түлектері мен өнерлі шәкірттер өз өнерлерін паш етіп, көрерменге керемет көңіл күй сыйлады. Мектеп ұстаздары дайындаған көрініс, оқушылардың орындауындағы ән мен би көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Ж.Шайдулла мен Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.П.Тәукеева ұжымды мерейтоймен құттықтап, жылы лебіздері мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Олар ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтіп, жас буынға үлгі боларлық ізгі тілектерін білдірді.
Сондай ақ мерекелік кеште саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ардагер ұстаздар сахна төріне көтеріліп, өз естеліктерімен бөлісті. Олар мектептің алғашқы қадамдары, шәкірттердің жетістігі мен ұжымның бірлігі жайлы әсерлі әңгімелер айтты.
Іс-шара мектеп шәкірттерінің жүрек жарды өлеңдерімен жалғасты. Ұстаздар қауымы Тұрар Рысқұловтың шығармаларынан үзінділер оқып, ұлт рухын дәріптеді.
Мектептің 40 жылдық тарихы мен жетістіктері туралы бейнеролик көрсетіліп, көрермендер ерекше әсер алды.
Өткенсіз бүгін жоқ дегендей, 40 жылдық тарихы бар білім ордасы – талай ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатын қасиетті қара шаңырақ. Тұрар Рысқұлов атындағы №24 жалпы білім беретін мектеп ұжымы алдағы уақытта да жас ұрпақты біліммен сусындатып, биік белестерді бағындыра беретініне сенім мол.