ӨНЕР МЕН РУХАНИЯТ ТОҒЫСҚАН КҮН
Ақтөбенің Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Жастар кеңесінің бастамасымен және Ақтөбе облыстық өнер музейі, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің бірлескен жобасы аясында «Суретшілер шеберханасынан: Ақтөбе өңірінің кескіндеме өнері» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды.
Бұл көрменің басты мақсаты – өңіріміздің қылқалам шеберлерінің шығармашылығын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың бойында өнерге, мәдениетке және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.
Көрмеге қойылған әрбір туынды – суретшінің жан дүниесінен туған ой мен сезімнің көрінісі. Онда ел мен жерге деген махаббат, табиғат сұлулығы мен адам жанын тербейтін нәзік әсерлер бояу арқылы шебер өрнектелген. Жарық пен көлеңке, түс пен форма үйлесім тапқан бұл картиналар көрермен жүрегінен ерекше орын алып, әркімге өзіндік әсер сыйлады.
Бұл күн – өнер мен руханияттың тоғысқан, шығармашылық шабыт пен эстетикалық әсерге толы ерекше мереке болды.
Жастар кеңесінің төрағасы Әбділдә Сағыновтың айтуынша, мұндай мәдени шаралар жас буынның эстетикалық талғамын қалыптастыруға, туған өлкеміздің мәдени мұрасын дәріптеуге және өнер арқылы ұлттық рухты көтеруге бағытталған.