ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Қай заманда да ұлттың рухани өрлеуі мен мәдени дамуының тірегі – ұстаз. Ал бүгінгі қоғамның талапшыл, жаңашыл ұрпағын тәрбиелейтін басты күш – білім мен ізденіске құштар жас педагогтар. Осындай алғыр да адал жас ұстаздардың бірі – Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас маман Байзақ Өмірзақ Аққалиұлы.
Өмірзақ Байзақ 2002 жылдың 22 наурызында Темір ауданының Қопа ауылында дүниеге келген. 2008-2019 жылдар аралығында Қопа жалпы білім беретін орта мектебінде білім алып, оқу озаты атанып, мектепті алтын белгімен аяқтады. Білімге деген ерекше ынта-жігерін жоғалтпаған жас түлек жоғары оқу орнында да үздік жетістіктерге қол жеткізді. Ол 2019-2023 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінде оқып, оқуын үздік дипломмен тәмамдады.
Бүгінде екі жылдық еңбек өтілі бар жас ұстаз өзінің білім мен тәрбиені ұштастыра білетіндігімен, шығармашылық әлеуетімен және шәкіртке деген жанашырлығымен көзге түсіп келеді. «Ұстаздың сөзі – игі істің басы» деген ұстанымды берік ұстанған Өмірзақ Аққалиұлы түрлі білім сайыстарында, жыр мүшәйраларында жеңіске жетіп, өзінің ақындық, шешендік қырын танытып жүр.
Шәкірттерінің де жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі. Оның тәрбиелеп отырған оқушылары аудандық, облыстық деңгейдегі байқауларда үздік нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, шәкірті Бақдәулет Жеңісов өткен жылы облыстық «Бала би – 2024» байқауында Бас жүлде иегері атанса, жуырда өткен «Ақберен» өнер байқауының облыстық кезеңінде І орынды иеленіп, республикалық сайысқа жолдама алды.
Осындай табандылық пен талапшылдық, білімге деген құштарлық пен шәкіртке деген шынайы қамқорлық – нағыз ұстазға тән қасиеттер. Байзақ Өмірзақ Аққалиұлы – бүгінгі жас мамандарға үлгі боларлық тұлға. Ол өз еңбегімен, білімімен және адами қасиеттерімен ел ертеңін тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді.
Болашағынан зор үміт күттіретін жас ұстазға шығармашылық табыс, биік белестер мен шәкірттерінің асқан жетістігіне куә болар ұзақ ғұмыр тілейміз.