ҚҰРМЕТ ПЕН МАРАПАТ
Бүгін Ақтөбенің Ойыл ауданында Республика күніне орай «Еңбек. Мәртебе. Құрмет» тақырыбында салтанатты шара өтті. Бұл күн – ауданның әр саласында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін елеу мен оларға деген ризашылықты білдірудің айғағы болды.
Шара барысында ауданның білім саласында қызмет етіп жүрген кіші қызметкерлердің еңбегі де ерекше атап өтілді. Олар мектептердің тазалығы мен тәртібін сақтап, оқу ордасының жайлы әрі қауіпсіз болуына өз үлесін қосып жүрген жандар. Күн сайынғы еңбегі көзге көп көрінбегенімен, олардың қызметі – білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі екені айқын.
Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің басшысы және аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы сөз сөйлеп, барша қатысушыларды Республика күнімен құттықтады. Олар өз сөздерінде еңбегімен елдің игілігіне үлес қосып жүрген әр қызметкер құрметке лайық екенін ерекше атап өтті.
Салтанатты сәтте білім саласындағы кіші қызметкерлердің бірқатарына аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан шипажайға жолдамалар табысталды. Бұл – олардың көп жылғы адал еңбегіне берілген лайықты марапат әрі рухани қолдау.
Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.