ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
«Жас келсе – іске» деген сөздің өміршеңдігін дәлелдеп жүрген жас ұстаздардың бірі – Ақтөбе облысы Қобда ауданы Талдысай орта мектебінің информатика пәні мұғалімі, робототехника жетекшісі Тасмағамбетова Гүлдария Ғалымқызы.
Гүлдария Тасмағамбетова — Ақтөбе облысы Қобда ауданы Қосөткел ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан білімге құштар, зерек, ізденімпаз болып өскен ол туған ауылындағы Қосөткел негізгі мектебін үздік аяқтап, кейін Ақтөбе гуманитарлық колледжінде «Математика және информатика» мамандығын меңгерді. Одан кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «Информатика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдап, өз кәсібін үлкен сүйіспеншілікпен жалғастырып келеді.
Бүгінде ол – өз ісіне адал, жаңашылдыққа ұмтылатын, үнемі ізденіс үстіндегі білікті педагог. Гүлдария Ғалымқызының шәкірттері түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда табысқа жетіп жүр.
2025 жылы Астана қаласында өткен робототехникадан республикалық сайыста жүлделі орынға ие болып, оқушыларымен бірге Түркия еліне жолдама ұтып алғаны — соның айқын дәлелі.
Сонымен қатар, ол облыстық деңгейдегі шебер-сыныптарда «Білім беру саласында робототехниканы қолдану» тақырыбында баяндама жасап, Алғыс хатпен және Құрмет грамотасымен марапатталған. «Ақылды құрылғыларды пайдалану» көрмесінің жетекшісі ретінде де өзінің кәсіби шеберлігін таныта білді. Сондай-ақ Astana Tech Cup чемпионатына қатысып, инновациялық идеяларымен көзге түсті.
Гүлдария Тасмағамбетова — тек өз ісінің маманы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа шабыт сыйлайтын, әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, үздік педагогикалық әдістерді тәжірибеге енгізіп жүрген жаңашыл ұстаз. Ұжым арасында беделді, оқушылар мен ата-аналардың сеніміне ие, сабырлы да талапшыл маман.