ХАЛЫҚ МҰҒАЛІМІНЕ АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ
22 қазан күні Х.Досмұхамедов атындағы университетте Оқу-ағарту министрлігінің «Ұстаздарға алғыс!» және Қазақстан Кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығы және Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толуына орай «Тарихқа – тағзым, бүгінгіге – өзгеріс, болашаққа – сенім» атты айлық аясындағы шараларға сәйкес, «Құсиын Айтқалиұлының педагогикалық мұрасы және заманауи білім мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысының пленарлық мәжілісінің тізгінін ұстаған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы конференцияның мақсат-міндеттерімен таныстырды.
Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Маржан Галимжанова Құсиын Айтқалиұлы туралы деректермен таныстырып, шара жұмысына сәттілік тіледі.
Пленарлық мәжілісте профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Назарбаев Университеті Ұлттық мәдени орталығының басшысы, «Құрмет» орденінің иегері Гүлтас Құрманбай, белгілі ғалымдар Шахман Нағимов, Аққали Ахмет және басқалары сөйлеп, халық ұстазы атанған атақты педагог, тәлімгер Құсиын Айтқалиев тұлғасы, ол кісінің педагогикалық мектебі мен әдіснамасы туралы айтып, шарада көтерілген тақырыптар мен мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салды. Атырау қаласындағы Әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің мұғалімі Ақшолпан Айтқали әкесі жайындағы жылы естеліктерімен бөлісті.
Түске дейінгі уақытта өткен төрт секциялық отырыста көптеген мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, педагогикалық үдерістегі өзекті мәселелер мен жаңашыл тәсілдерді талқылап, бірқатар тиімді ұсыныстар енгізді. Бұл туралы секция жұмысына жетекшілік жасаған модераторлар баяндады.
Конференцияның қорытынды бөлімінде Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының бас маманы Есбол Мұханбетқалиев сөйледі.
Университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ләйла Қойшығұлова Назарбаев университетінің професссоры, педагогика ғылымдарының докторы Гүлтас Құрманбайға «Атырау университетіне 85 жыл» толуына арналған мерекелік төсбелгіні тарту етіп, ректор С.Идрисов атынан Алғыс хат табыстады.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиев атындағы «Үздік педагогикалық қызметі үшін» атты төсбелгіні тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахметке табыстады.
Конференция қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға Сертификаттар беріліп және баяндамаларын ұсынған мұғалімдерге конференция жинағының электрондық нұсқасы жіберілетіні хабарланды.
Секциялық жұмыстарда баяндама жасаған барлық спикерлерге Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы және Х.Досмұхамедов атындағы университеттері басшылары атынан Алғыс хат берілді.
Атырау облыстық ұйымы
-
Фотографии
-