
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Музыка жетекшісі – кішкентай жүректердің шат күлкісін әуенге айналдыратын жан. Осындай жүрек жылуымен еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Ақтөбе облысы Хромтау қаласындағы №8 «Тұлпар» бөбекжай-балабақшасының музыка жетекшісі Сағынова Нұрия Әділханқызы.
Нұрия Сағынова еңбек жолын №3 «Айгөлек» балабақшасынан бастап, 2014 жылдан бері №8 «Тұлпар» бөбекжай-балабақшасында қызмет атқарып келеді.
25 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз музыка мен балалар әлеміне ерекше сүйіспеншілікпен қарайды. Ол әр баланың бойындағы табиғи қабілетті ашып, эстетикалық талғамын қалыптастыруға үлкен мән береді. Сабақтарын ойын түрінде өткізіп, балалардың ән айту, ырғақ сезімін, музыкалық аспаптарда ойнау және би өнеріне қызығушылығын арттырады.
Нұрия Сағынованың ұйымдастыруымен өтетін мерекелік шаралар мен ертеңгіліктер жоғары көркемдік деңгейімен және тәрбиелік мәнімен ерекшеленеді. Оның жетекшілігімен тәрбиеленушілер түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің жемісін көрсетіп жүр.
Кәсіби шеберлігі мен ізденімпаздығы үшін бірнеше рет Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарымен марапатталған. Оның еңбегінің нәтижесі – өнерлі балалар мен шығармашыл ұжым.
Сағынова Нұрия Әділханқызы – өз ісіне адал, бала жүрегіне жол таба білетін, өнер арқылы тәрбиенің мәнін айқындаған нағыз өз ісінің шебері.