
ҰЖЫМДЫҚ БІРЛІК – ЕҢБЕК БЕРЕКЕСІ
Осындай тақырыппен Ақтөбе облыстық Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен Мұғалжар ауданында мазмұнды іс-шара өтті.
Кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл шарада еңбек ұжымдарындағы ынтымақ пен бірліктің маңызы, сондай-ақ еңбек адамдарының қоғамдағы рөлі кеңінен сөз болды.
Іс-шара барысында қатысушылар кәсіподақ қозғалысының тарихына шолу жасап, оның бүгінгі даму бағыттары мен жетістіктеріне тоқталды. Қоғамның әлеуметтік-еңбек тұрақтылығын қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың маңызды рөлі атап өтілді.
- Еңбек ұжымындағы татулық пен өзара қолдау – қоғамның дамуы мен тұрақтылығының басты кепілі. Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссияның негізгі мақсаты – әйелдердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, олардың көшбасшылық әлеуетін арттыру, ұжымдарда өзара сыйластық пен ынтымақты қалыптастыру. Осындай іс-шаралар арқылы біз еңбек адамдарының еңбегін бағалауға және қоғамдағы ынтымақты нығайтуға үлес қосамыз,— деді Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева.
Іс-шараға қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұжымдағы өзара құрмет пен қолдаудың ортақ нәтижеге және ұжымдық рухтың қалыптасуына тигізетін оң әсерін атап өтті.
Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосқан ұстаздар мен белсенді мүшелерге марапаттар табысталды.
Шара соңында қатысушылар еңбек адамының абыройы мен қоғамдағы орнын дәріптеу, кәсіподақ ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында пікір алмасты.