
КӘСІПОДАҚ ПЕН БАСҚАРМАНЫҢ БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСЫ
Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы мен Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының екі жақты Келісім комиссиясы аясында маңызды кездесу өтті.
Кездесуге ШҚО білім басқармасының басшысы Қ.Б.Оқасов, екі жақты комиссияның мүшесі, ШҚО білім басшысының орынбасары Ж.Ж.Әліпбаев, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.
Шараны ШҚО жергілікті кәсіподақ төрағасы Н.Қасенова ашып, биылғы жылдың кәсіподақ үшін ерекше мерейтойлық кезең екенін атап өтті.
Кездесу барысында ШҚО білім басқармасы мен ШҚО жергілікті кәсіподағы арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған екі жақты Келісімнің міндеттемелерінің орындалуы, жүктелген міндеттердің іске асуы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.
Кездесуде көтерілген мәселелердің қатарында педагог қызметкерлердің аттестациясы, сапар шығындарының қарыздары, марапаттау, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру мекемелеріндегі санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау, жас мамандарды қолдау және олардың кәсіби дамуына жағдай жасау сияқты өзекті тақырыптар кеңінен талқыланды. Кәсіподақ өкілдері білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар ұсыныс пен ескертулер ұсынды.
ШҚО білім басқармасының басшысы Қ.Б.Оқасов кездесудің маңыздылығын атап өтіп, көтерілген мәселелердің барлығын мұқият қарастырып, оларды шешу үшін тиісті шаралар қабылдауға уәде берді. Сондай-ақ, ол білім беру саласы қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалайтынын және олардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға, алдағы уақытта да кездесулер өткізіп, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге келісті. Бұл кездесу Шығыс Қазақстан облысының білім беру саласындағы қызметкерлердің жағдайын жақсартуға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болды. Тараптардың өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа дайын болуы алдағы уақытта да оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз.
Шара соңында марапаттау рәсімі өтті. Білім басқармасының, Қазақстандық салалық кәсіподағы мен ШҚО жергілікті кәсіподағы атынан аудандық, қалалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен бухгалтерлері төсбелгімен, құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды.
Шара барысында кәсіподақ пен білім саласы өкілдері шешімін таппай жатқан көптеген мәселелерге тоқталып, сындарлы диалог құрды.
Шығыс Қазақстан облысы