
ЖЕТІСУ КӘСІПОДАҒЫНДА САЛТАНАТТЫ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ
Қазан айы – білім саласы қызметкерлері мен кәсіподақ мүшелері үшін айрықша кезең. 5 қазан – Мұғалімдер күні, 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні болып, ұстаздар қауымы мен сала қызметкерлері бұл мерекелерді ерекше ықыласпен қарсы алады.
Осы қос мерекеге орай Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы бүгін Оқушылар сарайының мәжіліс залында «Ұстаздық – ұлы еңбек» атты салтанатты қабылдау өткізді.
Шараға Алматы және Жетісу облысы кәсіподақтары орталығының төрағасы Ә.Қыдырманов, ардагер ұстаздар мен кәсіподақ мүшелері, кәсіподақ төрағалары мен кәсіподақтың белсенді мүшелері қатысты.
Мерекелік жиынның басты мақсаты – қоғам дамуына зор үлес қосып жүрген ұстаздар мен кәсіподақ мүшелерінің еңбегін дәріптеу, әлеуметтік әріптестікті нығайту және ұстаз мәртебесін арттыру болды.
Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы М. Төлепбергенов өз сөзінде ұстаз мамандығының қадір-қасиетіне тоқталып, білім саласындағы кәсіподақтардың әлеуметтік қолдау мен еңбек қатынастарындағы әділдікке қосып отырған үлесін атап өтті. Сондай-ақ педагогтарға қамқорлық жасау, кәсіподақ мүшелерінің әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.
Салтанатты шарада Алматы және Жетісу облысы кәсіподақтары орталығының төрағасы Ә.Қыдырманов және Жамбыл атындағы орта мектебі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Р. Заитова сөз сөйлеп, ұстаздар қауымына ақ тілектерін арнап, жылы лебіздерін білдірді.
Мерекелік жиында білім саласының үздіктері мен кәсіподақ белсенділеріне түрлі марапаттар табыс етілді. Атап айтқанда, «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Кәсіподақ ардагері», «Сала қызметкерлерінің кәсіподаққа сіңірген айрықша еңбегі үшін», сондай-ақ «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері мен Құрмет грамоталары иелерін тапты.
Бұл марапаттар – білім саласындағы кәсіподақ ұйымдарының еңбегі еленіп, олардың абыройын арттыруға бағытталған үлкен құрметтің көрінісі болды.
Салтанатты қабылдаудың көркін Қ. Байсейітов атындағы Талдықорға саз колледжінің өнерпаздары мен Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары ашып, әсем ән мен би ұсынды. Жас өнерпаздардың әсерлі қойылымдары ұстаздарға арналған шынайы алғыс пен ризашылықтың белгісіне айналды.
«Ұстаздық – ұлы еңбек» атты бұл шара ұстаздар еңбегінің қадір-қасиетін ұлықтап, кәсіподақ ұйымдарының бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте айқындады.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-