
МАРАПАТ ТӨРІНДЕ – БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы еліміздің білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуде жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздарды ұлықтау дәстүрін жалғастыруда. Бұл – педагогтардың еңбегіне көрсетілген құрмет пен кәсіподақ ұйымының басты ұстанымының көрінісі.
Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы, Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы, Ұстаздар күні мен Лайықты еңбек үшін жаһандық іс қимыл күніне, кәсіподақтар күніне орай «Кәсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» тақырыбында салтанатты шара өтті. Жиынға өңір педагогтары, білім беру ұйымдарының басшылары, кәсіподақ көшбасшылары мен әлеуметтік серіктестер қатысты.
Салтанатты шарада білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен 100-ге жуық кәсіподақ мүшесі түрлі марапаттарға ие болды. Кәсіподақ қозғалысында белсенділік танытып, елеулі үлес қосқан ардагерлерге Кәсіподақтар федерациясы мен салалық кәсіподақтар тарапынан «Кәсіподақ ардагері», «Қазақстан кәсіподақ қозғалысына сіңірген еңбегі үшін», «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгілері, аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді төрағаларына «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, ал әлеуметтік серіктестерге «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталып, сонымен қатар Құрмет грамоталары мен сыйақы сертификаттары берілді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы да лайықты марапаттарға ие болды.
Мерекелік шарада ұстаздар мен жас мамандардың республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері атап өтілді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы рөлін жоғары бағалады. Сол кездесуде Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі Дархан Шаңбаев Президент Жарлығымен «Шапағат» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, оған кәсіподақ ұйымы тарапынан Біріккен Араб Әмірліктеріне жолдама берілді. Данияда өткен IX Еуропалық кәсіби шеберлік чемпионаты EuroSkills Herning 2025 – ел үшін тарихи жетістік болды. Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет жеті «Үздік медальон» иеленіп, халықаралық деңгейде көзге түсті. «Графикалық дизайн» бағыты бойынша үздіктер қатарынан көрінген Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің жас маманы Бағыжан Қойшыбаевқа облыстық кәсіподақ ұйымы тарапынан Біріккен Араб Әмірліктеріне жолдама табысталды. Бұл – жас мамандарға көрсетілген сенімнің белгісі.
Білім беру саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар ұстаздар облыс әкімінің Алғыс хатымен және кәсіподақ ұйымының сыйақы сетификатымен марапатталды.
Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайту – ұйым жұмысының маңызды бағыты. Күзгі демалыс кезінде 150-ге жуық кәсіподақ мүшесі шипажайда демалып, 50-ге жуығы Бурабай мен Зерендіге тарихи-танымдық саяхатқа жолдама алды. Бұл – ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдау.
Салтанатты кеш барысында кәсіподақ мүшелеріне облыстық білім басқармасының және кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табысталды.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
— Бүгінде біздің ұйым құрамында 34 мыңға жуық мүше бар. Бұл – кәсіподақтың кең ауқымды әрі белсенді жұмысын көрсетеді. Басты мақсатымыз – әрбір мүшенің құқығын қорғау, әлеуметтік және экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету, еңбек жағдайларын жақсартуға ықпал ету. Сондай-ақ, еңбек дауларын шешу мен мұғалімдердің мәртебесін арттыру – негізгі міндеттеріміздің бірі, - деді.
Салтанатты шарада Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова сөз сөйлеп, мұғалім мамандығының ел болашағы үшін маңызын атап өтті. Ол кәсіподақ ұйымымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, алғысын білдірді.
Шара соңында Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің өнерпаздары ұстаздарға арнап концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.