
ЕҢБЕК АДАМЫНА ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ
Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы аясында Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараға атқарушы билік өкілдері, әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен бастауыш ұйымдардың жетекшілері және кәсіподақ белсенділері қатысты.
Салтанатты жиын Мемлекеттік Әнұранмен ашылып, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталиннің өңірдің кәсіподақ мүшелерін мерекемен құттықтаған бейнеқұттықтауымен жалғасты. Ол өңір кәсіподақ мүшелерін кәсіби мерекемен құттықтап, еліміздің әлеуметтік дамуында кәсіподақтардың орны ерекше екенін атап өтті.
Жиын барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, кәсіподақ қозғалысының ел ішіндегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызын атап өтті.
- Кәсіподақ қозғалысы еліміздегі еңбек саласындағы әділдік пен ынтымақтың айқын көрінісі. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын кәсіподақ ұйымдары құрылып еңбек адамының құқығын қорғаудың негізі қаланды. Содан бері кәсіподақтар қоғаммен бірге өсіп, елдің тұрақтылығына, әлеуметтік әріптестікті дамытуға зор үлес қосып келеді, – деді Айжан Серікбайқызы өз сөзінде.
Сонымен қатар жиында Жамбыл облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Дәурен Әбдіқасымов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов та сөз сөйлеп, марапаттар табыстады.
Іс-шара барысында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков «Кәсіподақтар қозғалысына 120 жыл» мерекелік медалімен, құқықтық инспектор Гүлжан Орымбаева Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Филиал төрағасы Елнұрбек Ермеков Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен, құқықтық инспекция жетекшісі Әлия Джолшибекова ҚР Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен, Жергілікті кәсіподақтың қызметкері Мақсат Қуандықов пен «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС қызметкері Гүлзат Бекбауова Кәсіподақтар федерациясының Алғыс хатымен, «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС қызметкері Елена Переверова Кәсіподақтар орталығының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мерекелік жиын соңында өңір өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-