
ҰЛЫ АБАЙДЫҢ ІЗГІ ЖОЛЫНДА…
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы тек әдебиет сүйер қауым үшін ғана емес, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын барша ұстаздар үшін де үлкен рухани мереке. Өйткені, Абайдың өмірі мен еңбегі – жас ұрпаққа білім мен өнегенің, ізденіс пен еңбектің үлгісі. Бүгінде сол жолды жалғастырып жүрген жас мамандардың бірі – Алға ауданы, Бестамақ орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, үлгілі жас ұстаз, жас кәсіподақ мүшесі Лұқбанов Абай Қайратұлы.
Бала Абайдан – ұстаз Абайға дейін
Абай Қайратұлы 1995 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында дүниеге келді. 2012 жылы Бестамақ орта мектебін аяқтап, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне мемлекеттік грантпен оқуға түседі. 2016 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін география мамандығы бойынша тәмамдады.
Ізденімпаз жас маман білімін шыңдау мақсатында 2017-2019 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша сырттай оқуын аяқтады. Еркін күрестен спорт шеберіне үміткер атанып, білім мен спортты қатар алып жүргенін дәлелдеді.
Ұстаздық жолдың белесі
Абай Лұқбановтың еңбек жолы өзі түлеп ұшқан Бестамақ орта мектебінде басталды. 2017 жылы география пәнінен сабақ берсе, 2018-2023 жылдары мектеп әкімшілігінде педагог-ұйымдастырушы болып қызмет етті. Қазіргі таңда дене шынықтыру пәні мұғалімі ретінде шәкірттерін біліммен қатар, спортқа баулып келеді. Жас ұстаздың жауапкершілігі мен еңбекқорлығының арқасында шәкірттері облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Марапат – еңбектің жемісі
Өз ісіне адал, белсенді ұстаз ретінде 2023 жылы Астана қаласында өткен конференцияда ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл – оның еңбегіне берілген жоғары баға.
Абай атына лайық жол
Жақсы ұстазға екі нәрсе керек: терең білім және үлкен жүрек. Бұл сөз Абай Лұқбановтың өмірлік ұстанымына айналғандай. Ол шәкірттеріне тек білім ғана емес, адалдық, табандылық және салауатты өмір салтын да үйретіп келеді.
Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойында есімімен де, еңбегімен де кемеңгер мұраттарын жалғап, жас ұрпаққа білім мен өнердің нұрын шашып жүрген жас ұстаз – бүгінгі білім беру саласының мақтанышы.