
АТЫРАУДА ОБЛЫС ӘКІМІ КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
6 тамыз күні Атырау облысы әкімінің аппараты жанындағы азаматтарды қабылдау орталығының жоспарына сай облыс әкімі Серік Шәпкенов «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлын қабылдады.
Қабылдауда кәсіподақ жетекшісі аймақ басшысына «Атырау облысы Білім беру басқармасы» мемлекеттік мекемесімен және «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің бірқатар нормалары әлі күнге орындалмай отырғандығын баяндады: «Келісімнің 2-қосымшасына сәйкес, кір жуу машиналарының операторы педагогикалық қызметкерлерге жатпайтын азаматтық қызметшілердің тізіміне, 3-қосымшасына сәйкес олар зиянды, қауіпті, ауыр еңбек жағдайларда еңбек ететін қызметкерлердің тізіміне енгізілген. Сондықтан кір жуу машиналарының операторларына еңбек ақыларын коэффициентті ескере отырып есептеу, ұзақтығы күнтізбелік 30 күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беру, лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлену, зиянды, қауіпті, ауыр еңбек жағдайларында еңбек еткені үшін 6 /алты/ күн жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалыстары берілуі тиіс болатын.
2023 жылдың қазан, қараша айларында Атырау энергетика және құрылыс, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледждерінің базасында арнайы курста оқытылып, облыс бойынша білім беру ұйымдарының кір жуушылары біліктіліктерін арттырған еді. Кір жуушылардың лауазымдары «кір жуу машинасының операторы» деп аталып, жоғарыда көрсетілген еңбек ақылары мен демалыстары артуы қажет болатын, бірақ облыстық Білім беру басқармасы қол қойылып, бекітілген бұл Келісімнің нормаларын мойындамады.
Сондай-ақ, Келісімде көрсетілген білім беру ұйымдарының жүк және жеңіл автокөліктер мен автобустардың жүргізушілеріне қызметкердің лауазымдық жалақысын қосымша ақы беріледі деген талаптарда орындалмай отыр», -дей келе жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің орындалуына ықпал етуді сұрады.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов салалық кәсіподақ жетекшісінің талап-тілектерін мұқият тыңдап: «Келісім – құқықтық акті, қол қойылғаннан кейін міндетті түрде орындалуға тиісті» - дей келе, аталған мәселені әлеуметтік салаға жетекшілік жасайтын орынбасары Дарын Шамұратовқа тапсыратынын және жуық арада оң шешім қабылданатындығын ескертті.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі