
ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – ұлт болашағын қалыптастырушы тұлға. Осы бір аса жауапты да абыройлы мамандықты жүрек қалауымен таңдап, әр шәкірттің жүрегіне жол тауып жүрген ұлағатты жанның бірі – Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы №6 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Әжіғұлова.
Салтанат Әжіғұлова – Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. 1990 жылдан бері бір ғана білім ордасында қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ұстаздық еңбек жолында 35 жылдық тәжірибе жинақтап, педагог-зерттеуші санатына ие болды. Ол білім берумен қатар шәкірттерінің рухани дүниесін байытуға, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға да ерекше мән береді.
Салтанат Әжіғұлова шәкірттерін республикалық және облыстық байқауларда жеңіске жеткізіп келеді. Ол дарынды оқушылармен жеке жұмыс жүргізіп, олардың қабілеттерін шыңдауға ерекше көңіл бөледі. Ұстаздың тынымсыз еңбегі мен кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде бағаланып келеді. 2009 жылы «Облыстық үздік мұғалім», 2011 жылы «Облыстық үздік сынып жетекші» байқауларына қатысып, облыс әкімінің сертификатын иеленді. Сонымен қатар, аудандық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2021», республикалық «Кемеңгер ұстаз – 2022», «Білікті ұстаз – 2023», «Полимат – 2025», «Үздік педагог» байқаулары мен халықаралық олимпиадалпрда жүлделі орындарға ие болды.
Ұстаз түрлі облыстық және аудандық семинарларға қатысып, шеберлік сабақтар өткізіп, әріптестерімен өз іс-тәжірибесін бөлісіп келеді. Осы белсенді еңбегі үшін бірнеше алғыс хаттармен марапатталған. 2024 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды.
Салтанат Әжіғұлова – өз ісіне адал, қарапайымдылық пен парасаттылықты бойына сіңіре білген жан. Әріптестері арасында сыйлы, шәкірттерінің жүрегінен орын алған еңбек адамы.