
МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ҰСТАЗДАР ДЕМАЛЫСТА
Жазғы демалыс педагогтар үшін кәсіби қажыр-қайратты толықтырып, денсаулықтарын нығайтуға, рухани жаңаруға мүмкіндік беретін маңызды уақыт. Осы мақсатта Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы кәсіподақ мүшелерінің жазғы демалысын ұйымдастырып, олардың еліміздің бірнеше өңіріндегі танымал шипажайларда тынығып, сондай-ақ тарихи-танымдық сапарларға шығуына жағдай жасады.
Биылғы жылы мұғалжарлық ұстаздар Сарыағаш, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе өңірлеріндегі емдік-сауықтыру орталықтарына барды. Бұл шипажайлар табиғи минералды сулары мен емдік климаттық жағдайлары арқылы кеңінен танымал. Білім қызметкерлері арнайы медициналық тексерулерден өтіп, әртүрлі емдік процедураларды қабылдады. Бұл шаралар олардың денсаулығын нығайтып, күнделікті стрессті азайтуға зор мүмкіндік берді. Табиғат аясында тынығу, таза ауа мен емдік сулар педагогтардың психологиялық жай-күйін жақсартып, шығармашылық әлеуетін арттырды.
Көптеген ұстаздар үшін бұл демалыс кәсіби қызметтен уақытша үзіліс алып, өздерін жаңа оқу жылына дайындау мүмкіндігі болды. Сонымен қатар, шипажайлардағы сауықтыру бағдарламалары ұстаздардың ұзақ мерзімді жұмысқа төзімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Жазғы демалыс аясында мұғалжарлық жас ұстаздар үшін арнайы ұйымдастырылған тағы бір маңызды іс-шара тарихи-танымдық саяхат болды. Олар еліміздің табиғаты мен мәдени мұрасымен танымал Бурабай қаласына барды. Бұл сапар барысында жас ұстаздар табиғи сұлулықтың куәсі болып, өлкеміздің тарихымен терең танысты.
Бурабай – Қазақстанның туристік аймақтарының бірі әрі табиғи-тарихи көрікті жерлердің тоғысқан ошағы. Мұғалжарлық педагогтар бұл сапар арқылы туған жердің байлығын, мәдениет пен салт-дәстүрін тереңірек түсініп, рухани тұрғыда жаңарды. Табиғат аясындағы демалыс, таза ауа, көл жағасында серуендеу және тарихи ескерткіштерді аралау ұстаздардың кәсіби дамуы мен жалпы өмірлік көзқарасын кеңейтті.
«Бурабайға саяхат мен үшін үлкен рухани жаңғыру болды. Елдің тарихын тереңірек біліп, табиғат аясында демалып қайттық. Мұндай сапарлар ұстаздардың кәсіби дамуына үлкен серпін береді», – деп бөлісті Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясының жас ұстазы Ғайша Мукушева.
Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы мен денсаулығына ерекше көңіл бөледі. Осындай жазғы демалыс пен мәдени іс-шараларды ұйымдастыру ұстаздардың рухани және физикалық дамуына зор септігін тигізеді.