
ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ ҚҰТЫ
Бейбіткүл Кенжеханқызы Маткаримова еңбек жолын 1987 жылдан бастап «Жамбыл» атындағы колхозда бастап, кейін автопаркте, одан соң материалдық есепші болып колхоз тарағанға дейін қызмет етті. 1996 жылдан бастап Самар ауданындағы Абай атындағы мектепке шаруашылық меңгерушісі болып орналасып, сол жылдан бастап кәсіподақ мүшесі атанды. Содан бері де жауапкершілікпен өз ісіне беріліп, аянбай еңбек етіп келеді.
Бейбіткүл 29 жылдық еңбек өтілінде ұжыммен де, мектеп оқушыларымен де тез тіл табысып, сыйластық орната білді. Осы қара шаңырақтың тазалығы мен ұқыптылығын, қауіпсіздік шараларын аса жауапкершілікпен атқарып келе жатқан асыл жандардың бірі. Мектеп мүлкін көзінің қарашығындай сақтап, жылдар бойы бүлінбей, қаз-қалпында сақталуына зор үлес қосып келеді.
Бейбіткүл көп жылдар бойы мектепте қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақты балаларға үйретіп, шәкірттері жыл сайын аудандық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, ұжымды қуантып жүр. Өзі де осы ұлттық ойыннан аудан бойынша 1-орын, облыстан 3-орынды иеленген. Сонымен қатар, мектепте өтетін әр түрлі шараларға белсене қатысып, Наурыз мейрамы, спорттық ойындар, қолөнер көрмелері мен концерттік бағдарламаларда өз өнерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Жылдар бойы «Асыл мұра» әжелер клубының белді мүшесі ретінде де белсенділік танытып келеді.
Адал еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болды: 2018 жылы ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін ауылдық округ әкімінің алғыс хатымен марапатталды, 2021 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосқан үлесі үшін аудандық білім бөлімінің басшысы тарапынан марапатталды, 2022 жылы мектептің тазалығы мен мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарағаны үшін мектеп директорының алғыс хатымен марапатталды.
ШҚО білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағының №14 Атқару комитетінің шешімімен 2023 жылы «Еңбек адамы» төсбелгісімен марапатталды. ШҚО жергілікті кәсіподағының ұжымына шексіз алғысын айтып, қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз еңбек адамын әрқашан жаңа биіктерге жетелейді деп, ризашылығын білдіруде.
Шығыс Қазақстан облыстық жергілікті кәсіподағы