
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ЕҢБЕК АДАМДЫ ҚАШАН ДА БАҚЫТҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Қарапайымдылық пен еңбектің мұрасына айналған жан – Гүлшат Илиясқызы Бұрқынова. 2010 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының «Қаратоғай орта мектебінде» қарапайым ғана кіші қызметкер болып еңбек етсе де, орны ерекше.
Гүлшат Илиясқызы – өз ісіне жан-тәнімен берілген, тазалық пен тәртіпті ту еткен абзал жан. Мектеп ұжымы мен оқушылар үшін ол әрдайым жылы жүзді, еңбекқор, мейірім шуағын шашқан аяулы ана. Оның еңбегі көзге көрінбегенімен, мектеп тіршілігінде алар орны зор. Қай кезде де жайдары мінезімен, жүрегінен шыққан ізгі ниетімен айналасына шапағатын төгеді. Расында да, мектептегі кіші қызметкерлер – қыс қаһары мен жаздың аптап ыстығына мойымай еңбек ететін жанкешті жандар. Қара жұмыстың қайнаған ортасында жүрген осындай аналардың еңбегі – өлшеусіз қазына.
«Еңбек адамды қашан да бақытқа жетелейді. Өз туған ауылымда, өзім білім алған алтын ұям – мектебімде тер төгіп жүргенімнің өзі мен үшін зор бақыт. Оқушылардың үзілістегі ойын-күлкісі, шат дауыстары балалық шағымды еске түсіріп, шаршағанымды ұмыттырып, еріксіз күлкі сыйлайды. Жұмыстың ауыры мен жеңілі жоқ, маңдай терімді төгіп еткен еңбегім ұжым тарапынан ескерусіз қалған емес. Мектеп басшысы әр мереке сайын кіші қызметкерлердің еңбегін бағалап, алғыс хаттармен марапаттап жатады», – дейді Гүлшат Илиясқызы әр күніне шүкіршілік етіп.
Өмір жолында түрлі қиындықтарға тап болса да, Гүлшат – рухани күшті, сабырлы ана. Өкінішке орай, былтыр өмірлік жары, сүйікті Ерболатынан айырылып қалды. Бірақ аналық жүрегімен екі баласына тағылымды тәрбие беріп, бүгінде алты немеренің сүйікті әжесі атанды.
Балалары – өнегелі, тәрбиелі азаматтар. Гүлшат ұлы Жансеріктің отбасымен бірге тұрады. Жансерік – ауылда еңбек етіп, анасына немерелерін бауырына басуға мүмкіндік беріп, қуанышқа бөлеп отырған перзент. Ал қызы Жансая – ағылшын тілінің мұғалімі болып, Өскемен қаласындағы №47 мектепте шәкірттерге білім нәрін себуде. Бұл – анасының өмірлік еңбегінің, адал тәрбиесінің жемісі.
Мектеп ұжымы Гүлшат Илиясқызын қадірлеп, оның еңбегіне шексіз алғысын білдіреді. Осындай абзал жандар әр ұжымның алтын діңгегі іспеттес. Олар – үнсіз еңбек етіп, үлкен іс тындырып жүрген нағыз жанашырлар.
Шығыс Қазақстан облысы жергілікті кәсіподағы
-
Фотографии
-