
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ XXVII СЪЕЗІНІҢ ДЕЛЕГАТЫ – ИБРАЕВ СӘБИТ МОЛДАТИЯҰЛЫ
«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» Абай облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ибраев Сәбит Молдатияұлы – жоғары кәсіби білікті, үлкен ұйымдастырушылық тәжірибесі бар, өзінің бар саналы ғұмырын кәсіподақ қозғалысына арнаған білікті басшы. Ол 1984 жылдан бері кәсіподақ саласында белсенді еңбек етіп келеді. Жалпы еңбек өтілі – 48 жыл, оның ішінде салада – 34 жыл, ал Абай облыстық кәсіподақ ұйымында – 22 жыл табысты қызмет атқарып келеді.
Сәбит Молдатияұлы өз еңбек жолында әртүрлі жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосты. Ол 2003 жылдан бері Абай облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметінде жүріп, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік және кәсіби құқықтарын қорғау жолында үлкен жұмыстар атқарды.
Оның басшылығымен білім беру ұйымдарында мұғалімдердің қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсартуға, қызметкерлердің жалақысын арттыруға, олардың денсаулығын сауықтыру мен демалыстарын ұйымдастыруға нақты шаралар қабылданды. Сонымен қатар, Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында ұжымдық шарттарға маңызды өзгертулер енгізілді.
Әлеуметтік әріптестікті дамытуда да Сәбит Молдатияұлының еңбегі ерекше. Ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы қызметкерлердің құқықтары мен мүдделері барынша қорғалып, әлеуметтік төлемдер мен кепілдіктердің кеңейтілуіне қол жеткізілді.
Ол Салалық кәсіподақтың Орталық Комитетінің мүшесі, Атқару комитетінің мүшесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің мүшесі ретінде республикалық деңгейде де кәсіподақ ісінің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Сәбит Молдатияұлы адал еңбегі үшін мемлекет және салалық кәсіподақ тарапынан марапатталды: Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы (2005), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі (2011), «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі (2015), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі (2016), «Еңбек ардагері» медалі (2017).
Абай облыстық кәсіподақ ұйымы