
ПАНФИЛОВ АУДАНЫНДА ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНА ҚАТЫСТЫ КӨШПЕЛІ СЕМИНАР ӨТТІ
Панфилов ауданындағы білім беру ұйымдарында еңбек қатынастары мен жұмыс берушінің міндеттеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылау мақсатында көшпелі семинар ұйымдастырылды.
Аталған шараны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек инспекциясы комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті мен «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп өткізді.
Семинарды облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізді. Жұмыс берушінің заңды міндеттері, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, ұжымдық шарт жасау, еңбек қауіпсіздігі және басқа да маңызды мәселелер қозғалды. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға сала мамандары тарапынан нақты жауаптар берілді.
Іс-шараға Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің Еңбек қатынастарын бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Еркін Даулетұлы және білім саласындағы кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.
Көшпелі семинардың басты мақсаты – еңбек заңнамасы нормаларын кеңінен түсіндіру арқылы жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынасты заң шеңберінде жүйелеу, еңбек дауларының алдын алу және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау болды.
Жиын соңында қатысушылар семинардан мол мағлұмат алғандарын айтып, осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-