
ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ
Ағымдағы жылдың 18 маусым күні Орал қаласындағы №51 жалпы орта білім беретін мектептің акт залында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасымен білім беру ұйымдары басшылары және жауапты қызметкерлер арасында еңбек заңнамасының сақталуы жөніндегі түсіндіру жұмыстары өткізілді. Оған аудандық білім беру ұйымдарының басшылары да онлайн қатысты.
Облыстық кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев соңғы уақытта білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбек заңнамаларын сақтау мәселелеріне қатысты өтініштердің көбейіп, салалық келісімнің кейбір нормалары жұмыс берушілер тарапынан бұзылып, сақталмай отырғанын атап өтті.
Осы мәселеге қатысты Мемлекеттік еңбек инспекциясының Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент өкілі Артур Батыров қатысып, еңбек қатынастарындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында қолданыстағы еңбек заңнамасының нормаларын, сондай-ақ оны қолдану тәжірибесін түсіндірді.
Атап айтқанда, Әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің талаптарын сақтау жұмыс берушілердің ҚР ЕК 23 бабына сәйкес негізгі құқықтары мен міндеттері болып табылатынын, ал ол орындалмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 97 баптың 3 тармағы бойынша кінәлі тұлғаларға 400 АЕК айыппұл салуға жауаптылық қарастырылғанын, яғни 2025 жылға 1 млн 572 800 теңге айыппұл салынатыны көзделгенін ескертті.
Кездесу барысында қатысушылар педагогтардың алғашқы жұмыс жылы үшін толық көлемде заңда көзделген еңбек демалысының берілуі туралы, қосымша және қоса атқару жағдайында еңбек шарттарын рәсімдеуге қатысты және т.б сұрақтарға Мемлекеттік инспекция өкілі Артур Батыров және облыстық кәсіподақ заңгері Гулжанат Курмангазиевадан жауаптарын алды.
Кездесу соңында төраға Марат Даупаев пен Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Алия Кайржанова жұмыс беруші тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілмеуі және еңбек қатынасында туындайтын мәселелерді бірлесіп шешуге атсалысуға шақырды.
Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-