
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ. ЕҢБЕГІҢНІҢ ЕРЛІГІ – БОЛАШАҚТЫҢ БЕРЕКЕСІ!
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатайдың төсінде туып, еңбекпен есейген Манат Төлепқазинович Камитов – 1975 жылдың қазан айында, Дәулетбай батыр ауылында дүние есігін ашқан. Асусай» мектеп-балабақша кешені» КММ жылдар бойы аула тазалығын абыроймен атқарып келе жатқан Манат аға – өз ісіне берілген, жауапкершілігі мол, нағыз еңбекқор жан. Оның қолынан келмейтін іс жоқ: ауланы мұнтаздай етіп таза ұстаудан бастап, кез келген техникалық жұмысты мінсіз атқарады.
Манат аға – ұжымның ғана емес, бүкіл ауылдың мақтанышы, айналасына шуақ шашатын абзал жан.
Жазира Ниязбековна Абылкасимова – 1978 жылы Асусай ауылында дүниеге келген. Асусай мектебінде 10 жылдан астам уақыт бойы еден жуушы болып қызмет етіп келеді. Жазира – тазалықтың символындай, әрқашан өз жұмысын мүлтіксіз орындайтын, ұқыпты да жауапты маман. Оның еңбегі – мектептің көркі, ұжымның берекесі. Жазира апайымыз – тек жұмыста ғана емес, отбасында да аяулы жар, ардақты ана.
Манат пен Жазира – 1997 жылы шаңырақ көтеріп, бір-біріне адал жар, балаларына қамқор ата-ана бола білді. Екеуі де еңбекқорлықтың, адалдықтың, қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Сіздердің адал еңбектеріңіз бен қажырлы қайраттарыңыз – бізге үлгі! Жұмысшы мамандықтарын дәріптеп, жас ұрпаққа жол көрсетіп жүргендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, еңбектеріңіздің жемісі мол болсын! Бірлік пен берекеде бірге қартайып, бақытты ғұмыр кешіңіздер!
Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы