
БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ ҮШІН ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ
Еңбек кодексіндегі жұмыс берушінің міндеттеріне қатысты заң нормаларын түсіндіру және білім беру ұйымдарының әкімшіліктеріне құқықтық кеңес беру мақсатында Жетісу облысында маңызды іс-шара ұйымдастырылды.
Шараны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті мен Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы бірлесе отырып өткізді.
Жиын барысында қатысушыларға еңбек қатынастарын реттеу, жұмыс берушінің заң алдындағы жауапкершілігі, жұмысшылардың құқықтарын сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, семинарда еңбек дауларының алдын алу, ұжымдық келісімшарт жасау және еңбек қауіпсіздігі мәселелері де қаралды.
Семинарға Көксу ауданына қарасты білім беру ұйымдарының басшылары, балабақша меңгерушілері, сондай-ақдиректорлардың орынбасарлары мен бухгалтерлері қатысты.
Шараны облыстық кәсіподақ ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізсе, негізгі спикері – Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің өкілі Еркін Даулетұлы, Көксу аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Күзбаев, Көксу ауданы прокуратурасының прокуроры Қайсар Шағырбай, облыстық кәсіподақ ұйымының заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан болды. Қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, нақты мысалдар арқылы заң талаптарын түсіндірді.
Мұндай кездесулер білім беру саласындағы еңбек қатынастарын реттеуде құқықтық сауаттылықты арттыруға және жұмыс орнындағы еңбек мәдениетін дамытуға зор үлес қосатыны сөзсіз.
Жетісу облытық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-