
БЕЛСЕНДІЛЕР БІР АЛАҢДА БАС ҚОСТЫ
Ақтөбе облысының Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен, Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен “Жастар CAMP” атты эстафеталық форум өтті.
Форум жас мамандардың ынтымағын арттырып, кәсіби шабытын оятуды мақсат етті. Шара барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Шерхан Отаров сөз сөйлеп, жас ұстаздарды жаңа оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Гүлжан Ақанова жастардың тың бастамаларына үнемі қолдау көрсетілетінін атап өтіп, олардың белсенділігі мен табандылығына сенім білдірді.
Форум аясында қатысушыларға арналған түрлі танымдық ойындар, логикалық тапсырмалар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жастардың өзара байланысын нығайтты.
Көтеріңкі көңіл-күй, шығармашылық идеялар мен командалық рухқа толы бұл күн жас мамандар үшін ұмытылмас әсер қалдырды. Форум нәтижесінде жас ұстаздар бір-бірімен тәжірибе алмасып, алдағы жұмыс кезеңдеріне тың серпінмен қадам басуға мотивация алды.
“Жастар CAMP” форумы – болашақ білім саласының көшбасшыларын ынталандыратын, жаңашылдық пен бірлікті дәріптейтін жарқын бастамалардың бірі болды.