
МҰҒАЛІМ TALKS» TED-алаңы: шығармашылық пен кәсібилік
Жамбыл облысында ұстаздар қауымының кәсіби дамуы мен көшбасшылық әлеуетін арттыру мақсатында ерекше форматтағы іс-шара – «МҰҒАЛІМ TALKS» атты TED-алаңы ұйымдастырылды. Бұл жобаны «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы мен Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы бірлесе қолға алып, негізгі демеушілері ретінде партия филиалының әйелдер қанаты мен облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы атсалысты.
TED-алаңы облыс мұғалімдері мен мектеп басшыларының кәсіби және басқарушылық қабілеттерін дамытуды, шығармашылық тұрғыдан өз-өзін іске асыруға жол ашуды, сондай-ақ жаңашыл педагогикалық тәжірибелерді насихаттап, тиімді идеяларды таратуға негізделген. Әлемдік жаһандану жағдайындағы қазақстандық білім беру көшбасшыларының зияткерлік әлеуетін ашу, олардың көзқарасы мен ұстанымын көпшілікке жеткізу – алаңның басты бағыты болды. TED-алаңына аудандар мен Тараз қаласынан барлығы 17 педагог қатысты, олардың қатарында 2 мектеп директоры және 15 мұғалім болды. Қатысушылар үш бағыт бойынша шығармашылық жұмыстарын ұсынды: Эссе жазу, іс-тәжірибе негізінде бейнежазба дайындау және ашық ойталқыға қатысу.
TED-алаңында мұғалімдер мен мектеп директорлары өздерінің жеке кәсіби тәжірибелерімен, өмірдегі қызықты оқиғаларымен, құндылықтарға негізделген білім беру кеңістігін құру жолындағы ізденістерімен бөлісті.
Қазылар алқасының шешімімен III орынды Тараз қаласы №39 мектеп-гимназия директоры Гүлнар Раптаева, ІІ орынды Тараз қаласы А.Макаренко атындағы орта мектебінің мұғалімі Салтанат Кусёва, І орынды облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі Рауан Жаңабай иеленді. Байқаудың Бас жүлдесін Қордай ауданы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің мұғалімі Әлішер Аяпберген жеңіп алды.
Іс-шара ұстаздар үшін өз әлеуетін көрсетуге, кәсіби дамуға және тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік беретін ашық алаң болды.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының баспасөз қызметі.
-
Фотографии
-