
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Ақтөбе облысының Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылық - табысты маманның негізі» тақырыбында жас мамандарға арналған семинар өтті.
Шараның басты мақсаты ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, жас ұстаздардың кәсіби дамуына, адами құндылықтармен үйлескен педагогикалық шеберлігін арттыруға ықпал ету болды.
Семинар барысында қатысушыларға тәжірибелі мамандардың шеберлік сабақтары мен мазмұнды презентациялары ұсынылды. Ұлттық рухты көтеретін танымдық ойындар, психологиялық тренингтер және шығармашылық жобалар жастардың қызығушылығын оятып, олардың белсенді қатысуына жол ашты.
Іс-шара қорытындысында 2024–2025 оқу жылындағы білім беру саласындағы белсенді еңбегі үшін Жарық мектеп-балабақшасының мұғалімі Шолпан Иманғазина мен И.Тайманов атындағы гимназияның мұғалімі Руслан Смағұлов арнайы марапаттарға ие болды. Бұл марапат – олардың оқушылар жетістігі жолындағы қажырлы еңбегі мен үздіксіз кәсіби ізденісінің нәтижесі.
Сонымен қатар, семинарға қатысып, өз тәжірибесімен бөліскен жас мамандарға Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы мен аудандық білім бөлімінің бірлескен алғыс хаттары, естелік сыйлықтары табысталды.
Жастар кеңесі – кәсіподақтың жас буын өкілдерін біріктіретін, олардың бастамаларына қолдау білдіріп, кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталған жобаларды жүзеге асыратын маңызды құрылым.
Айта кетейік, Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы жастардың рөлін жоғары бағалап, олардың кәсіби жетістіктері мен көшбасшылық қабілеттерін дамытуға ерекше назар аударып келеді. Іс-шара кәсіподақ ұйымының жастарға қолдау көрсету, олардың әлеуетін арттыру және ортақ бастамаларға жұмылдыру бағытындағы жүйелі жұмысының айқын көрінісі болды.