
МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ҰСТАЗ ОТБАСЫЛАРМЕН ТАҒЫЛЫМДЫ ЖҮЗДЕСУ ӨТТІ
Ақтөбеде Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанындағы “Еңбекші әйелдер комиссиясының” жұмыс жоспары аясында Халықаралық отбасы күніне арналған тағылымды шара ұйымдастырылды. Іс-шара ұжымда еңбек етіп жүрген ерлі-зайыпты ұстаздардың қатысуымен өтті.
“Отбасы құндылығы. Отбасындағы еңбекші әйел рөлі” тақырыбымен өткен кездесудің басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, еңбекші әйелдердің қоғамдағы және отбасындағы маңызын насихаттау болды. Шара барысында ұстаздардың отбасыдағы рөлі, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық, ананың тәрбиедегі орны, ұстаздық пен отбасылық міндеттің үйлесімі туралы мазмұнды әңгімелер өрбіді.
Жылы жүздесуде қатысушы отбасылар өздерін таныстырып, өмірлік жарларына деген көзқарастарын ортаға салды. Әсіресе ер азаматтардың жұбайларына – қоғамдағы еңбекші әйел ретіндегі пікірлері негізінде түсірілген шағын подкаст көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл – отбасылық үйлесімділіктің, өзара түсіністік пен қолдаудың көрінісі ретінде бағаланды.
Кеш соңында әр отбасы өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән шырқалып, өлең оқылып, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын өнер туындылары ұсынылды.
Іс-шарада Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия төрағасы Жұмагүл Жұмабаева қатысушыларға алғыс айтып, белсенді отбасыларға бағалы сыйлықтар табыстады.
Осындай тағылымды жүздесулер – ұстаздардың жанұялық жарасымын дәріптеп қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық өнеге екені анық.
-
Фотографии
-