
АРДАГЕРГЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ
Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне деген білім ошақтарының құрметі жоғары. Жылда жеңіс мерекесі қарсаңында, көктем және күз айларында соғыс және тыл ардагерлері мен жалғыз ілікті қарттарға мектеп оқушылары көмектесіп, үйін, ауласын тазалауға қолғабыс ететін үрдіс бар. Осы үрдістен жаңылмаған Тараз қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының 6 сынып оқушылары мен ұстаздары Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі, тыл ардагері, 100 жастағы Анна Андрееваны арнайы құттықтап барды.
Ардагер өзі қызмет істеген мектеп мұғалімдері мен оқушыларын көріп, қатты қуанып қалды. 6 «ғ» сыныбының жетекшісі Сандуғаш Керімбекова мен оқушылары Айлин Ибрагим, Кәусар Сұлтанбек және Айзада Бекдазым ардагер ұстазға гүл шоқтарын сыйлады. Сондай-ақ гимназия директоры Асем Маханованың Алғыс хатын тапсырды.
Анна Андреева 1924 жылы 5 қазанда Алтай өлкесінің Локтев ауданы «К Свету» коммунасында дүниеге келген. 10-сыныпты бітірген соң Рубцовск педагогикалық училищесіне түседі. Еңбек жолын 1943 жылы туған жерінде бастайды. Сол уақытта мұғалімдердің тапшы болуына байланысты негізгі мамандығымен қатар мектепте Анна Ивановна химия, физика, биология пәндерінен де дәріс берген.
1964 жылы отбасы жағдайына байланысты Анна Ивановна Тараз (Жамбыл) қаласына қоныс аударып, №1 мектеп-гимназиясына (ол тұста В.И.Ленин атындағы орта мектеп) бастауыш сынып мұғалімі болып қабылданады. Онда 15 жыл еңбек етіп, 1979 жылы зейнеткерлікке шығады. Жұбайы Василий Андреев Ұлы Отан соғысының ардагері. Майданда минометші болып, соғысты Берлин маңында аяқтаған. Кейін Тараз қаласында химпромда еңбек етіп, зейнетке шыққан ол 1986 жылы дүниеден өткен. Екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Ұл-қызынан 6 немере, 11 шөбере сүйіп отыр. Бүгінгі күні 3 немересі осы №1 мектеп-гимназияда білім алуда.
Ардагер оқушылармен шүйіркелесе әңгімелесіп, оларды жас кезде оқып, білім алуға шақырды. Өзін арнайы құттықтап келген мектеп оқушылары мен басшылығына аналық ақ алғысын жеткізді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.